ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов ДДСҰ-ның алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытуға арналған халықаралық семинарына қатысты
2026 жылғы 14 қазанда Алматыда «Алматы декларациясына 50 жыл: болашақ ұрпақ үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қуатты жүйесін қалыптастыру» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Жиынға Қазақстан мен Бельгияның, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және жетекші медицина университеттерінің өкілдері қатысты.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов семинар аясында отбасылық дәрігерлер мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының жаңа буынын даярлауға арналған сессияда сөз сөйледі.
Ректор денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістер дәрігерлерді даярлауға қойылатын талаптарға да әсер етіп отырғанын атап өтті. Сондықтан медицина университеттері бүгін қандай маман даярлау қажет, ол болашақта туындайтын міндеттерді шешуге қаншалықты дайын болады деген мәселелерге баса мән беруі тиіс.
Осыған байланысты Марат Шоранов медициналық білім мен клиникалық тәжірибенің байланысын күшейту қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, биылғы оқу жылынан бастап Қазақстанда медициналық білім берудің жаңартылған ұлттық стандарты енгізілді. Онда студенттердің практикалық және клиникалық даярлық көлемін арттыру көзделген.
Ректордың пікірінше, тәжірибеге басымдық беру түлектердің кәсіби қызметке дайындығын жақсартып, алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, еліміздің шалғай ауылдары үшін маңызды. Өйткені мұндай өңірлерде білікті медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету өзекті міндет болып отыр.
Отбасылық дәрігерлердің жаңа буынын даярлау мәселесін талқылау барысында қатысушылар Қазақстан мен Бельгияның медицина университеттері арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, түрлі мамандық өкілдерін бірлесіп даярлау және тәжірибеге негізделген оқыту әдістерін енгізу мәселелеріне назар аударылды.
Талқылау нәтижесінде алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттары белгіленді. Олар отбасылық дәрігерлерді даярлау тәжірибесімен алмасуды, университеттер арасындағы байланысты дамытуды және алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қазіргі қажеттіліктеріне сай практикалық даярлықты күшейтуді қамтиды.
Халықаралық семинар 1978 жылғы Алматы декларациясының қағидаттарын жүзеге асыру жөніндегі диалогты жалғастырды. Алғашқы медициналық-санитариялық көмектің дамуына негіз болған бұл құжат «Баршаға денсаулық» жаһандық мақсатын алға қойған еді.


















