Медицина қызметкерлері күнімен ректордың құттықтауы
Құрметті әріптестер, қадірлі достар!
Медицина қызметкері күні – бұл күнтізбедегі кезекті дата емес, бұл – адам өмірі мен саулығын сақтауды өмірлік мұрат еткен жандарға білдірілетін ерекше алғыс пен құрмет күні.
Дәрігер болу — тек білім мен біліктілік емес, ең алдымен жүрек тазалығы мен биік адамгершілікті қажет ететін қасиетті мамандық. Бұл жол — күн сайын жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп, әр шешімі адам тағдырына әсер ететін, әр науқас — өзіндік бір өмір хикаясына айналатын күрделі де абыройлы жол.
Ел саулығын өмірлік мұрат еткен жас буынның осындай қасиетті қара шаңырақ — ҚазҰМУ-да өсіп келе жатқаны көңілге медеу, жүрекке қуаныш. Университет тек білім беріп қана қоймай, мінез-құлықты шыңдайды, рухты бекітеді, кәсіби этиканы қалыптастырады. Біз тек дәрігерлерді емес, медицина саласының көшбасшыларын, ғалымдарын, тәлімгерлерін, елінің лайықты азаматтарын тәрбиелеп отырмыз.
Өмірлеріңізде алғысқа толы сәттер, сәтті оталар, ғылыми жаңалықтар мен шәкірттердің жүрекжарды лебіздері көп болсын. Жаныңыздан әрдайым қолдау көрсететін, түсінетін, шабыттандыратын жақсы жандар табылсын. Күш-қуаттарыңыз, үйренуге деген құштарлықтарыңыз, жаңашылдыққа деген қызығушылықтарыңыз ешқашан сөнбесін. Өйткені медицина дамуда, ал біз — онымен бірге өсіп, кемелденеміз.
Отбасыларыңыз аман, көңілдеріңіз жайлы, жүректеріңіз қуанышқа толы болсын. Еңбектеріңіз еленіп, құрмет пен алғысқа бөлене беріңіздер.
Медицина қызметкері күнімен!
Бұл — білім мен мейірімнің, парасат пен жігердің мерекесі.
Адам өміріне араша болып жүрген әрбір жанға мың алғыс!
Ізгі тілекпен,
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов