ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожиннің ҚР Тәуелсіздік күнімен құттықтауы
Құрметті достар, әріптестер, студенттер және де университетіміздің ардагерлері! Баршаңызды еліміздің ең басты мерекесі –Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тарихы тереңде жатқан еліміздің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Биыл тәуелсіздік алғанымызға 29 жыл толып отыр. Мемлекеттің бірлігі мен үстемдігін анықтайтын – елдің егемендігі. Бейбітшілік туын биікке көтерген еліміз қарқынды түрде алға ұмтыла бермек. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты біздің қоғам үшін дұрыс бағыт-бағдар берді.
Бүгінде біз әлем болып бұрын-соңды болмаған пандемиямен күресіп жатырмыз. Еліміз коронавирустың таралуын бақылауға алып, дәрігерлермен жұмыла нәтижелі жұмыс атқаруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдаған нақты шаралары жаңа сын-қатерлерге лайықты жауап беруге мүмкіндік берді. Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына сеніммен қадам басуда.
Биылғы жыл волонтерлар жылы болды.Біздің қызметкерлер мен студенттер үлкен жанашырлық танытып, қиын жағдайда денсаулық сақтау саласына түскен ауыртпалықты жеңілдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Қазақ ұлттық медицина университеті коронавируспен күресте белсене атсалысып, елеулі үлес қоса білді.
Құрметті достар! Біздің және бүкіл қазақстандық қоғамның алдында жаңа міндеттер, күрделі мәселелер тұр. Әрине, біз мұның бәрін реттеп, бар күшімізді салатын боламыз. Тәуелсіздік –халқымыздың ұлы мақтанышы. Оны бағалауымыз керек. әрқайсымыз еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосуда аянбай қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет! Мерекелеріңізбен! Сіздерге және отбасыларыңызға денсаулық, бақыт және амандық тілеймін!