«Өнерлі факультет-2016»
Биылғы жылы университетіміздің факультеттері арасында екінші мәрте өткізіліп отырған «Өнерлі факультет-2016» байқауы 17-ші ақпан күні өз жұмысын бастап, 20 сәуір күні жабылу Гала концерті өтті. Байқаудың соңғы жабылу концертінде «Үздік өнерпаздар» өз өнерлерін тағы да ортаға салды. Сонымен қатар, байқауда орын алған өнерпаздар дипломмен марапатталды. «Өнерлі факультет» байқауының негізгі алдына қойған мақсаты: факультет деканаттары, студенттер және Жастар мәдени шығармашылық орталығы арасындағы мәдени жұмысты бірлесе атқару, университет ұжымдары арасында ұжымдылықты дамыта отырып, студенттердің өзіндік шығармашылық деңгейін арттыру, көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысушы студенттер санын көбейту, ұлттық және әлемдік өнерді, музыканы, әдебиетті танып білуге баулу. «Өнерлі факультет» байқауы барысында 22 түрлі өнер номинациясы бойынша қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда: көркемсөз оқу, жас ақындар шығармашылығы, «Студенттің бір күні» атты видеоролик, ән өнері, сурет және қолөнер түрлері, инструментальдық аспаптарда ойнау, көңілділер, тапқырлар клубының жарысы және факультеттердің спектакль қойылымдары көрермен қауымына жол тартты. Байқаудың ұйымдастыру жұмысына барлық факультеттің декан орынбасарлары, студенттік деканат және Жастар мәдени шығармашылығы орталығы біріге, бірлесе атсалысты. Факультеттер биылғы жылы ерекше белсенділік танытып, ұйымшылдығын көрсете білді. Атап айтқанда: Жалпы медицина, Қоғамдық денсаулық сақтау, Шетел студенттері деканаты, Стоматология факультеттерінің студенттері. Байқауға әр номинация бойынша кәсіби өнер білім ұжымдарынан мамандар шақырылып отырды. С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы арасында стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық келісім шарты жасасқан болатын. Осы достастық аясында, өнер саласында еңбек етіп келе жатқан мамандар, әділқазылар алқасы мүшелігіне шақырылды. Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының артистері де шақырылып, әділқазылар алқасы мүшелігінде болды. Кәсіби өнер мамандарының әділқазылар алқасы мүшелігіне келіп, студенттердің өнерін бағалағаны біздерге қосымша серпіліс беріп отырды. Биылғы жылы қолөнер номинациясына қатысқан студенттер екі күн бойына аудиторияда өздерінің сурет және қолөнер бұйымдарын көрсете отырып, дайындады. Студенттерді ұйымдастыруда ерекше белсенділік танытқан Жалпы медицина факультетінің 1 курс декан орынбасарлары Турсынбаева Роза Алмабекқызы, Жакупова Кырмызы Баймухамбетқызы, Шетел студенттері факультетінің декан орынбасары Мухамедиева Гулзада Миналовна, Қоғамдық денсаулық сақтау факультетінің Студенттік деканы Дабаров Абзал, Қоғамдық денсаулық сақтау факультетінің Студенттік декан орынбасары Нурманова Гүлжауһар, Стоматология факультетінің студенттік деканы Ермек Динараны және өнерпаз студент Балқан Ақылбекті ерекше атауға болады. Спектакль қойылымдары номинациясы бойынша 2015 жылы Жалпы медицина факультеті мен Стоматология факультеті ғана қойылым көрсеткен болатын. Ал биылғы 2016 жылы тағы да екі факультет қосылып, қатары көбейді. Осының өзі үлкен талпынысты, өсуді көрсетеді. Жалпы медицина факультеті Қ.Байсейітов, Қ.Шаңғытбаевтың «Беу қыздар-ай» комедиясын, Стоматология факультеті Мар Байжиевтың «Тіл табысқандар» комедиясын және Қоғамдық денсаулық сақтау факультеті «Соқыр ана» поэма желісі бойынша инсценировка, Шетел студенттері деканаты қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері қамтылған «Наурыз-думан» концерттік бағдаламасын ұсынды. Байқау барысында спектакль қойылымдары өте жоғары дәрежеде өтті. Алдағы күні осы спектакль қойылымдары көрермен қауымына қайта жол тартатын болады. Жалпы, байқау жобасында факультет студенттері өзіндік үлкен дайындық жұмысын көрсетті. Стоматология факультеті ұсынған Мар Байжиевтың «Тіл табысқандар» комедиясының режиссері факультеттің деканы Бақанай Амантайұлы. Былтырғы жылы да, Б.Амантайұлы «Пешене» атты драмалық қойылымның режиссері болған болатын. Қоғамдық денсаулық сақтау факультеті қойған «Соқыр ана» инсценировкасының режиссері Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА 4 курс студенті Айдар. «Біріге көтерген жүк жеңіл»-демекші, біріге істеген жұмыстың нәтижесі де жемісті болады. Хореографиялық би өнері номинациясы бойынша «Әлемдік билер» жеке орындауда және ансамбльде орындалып, сондай-ақ, «Қазіргі заман биі» жеке және топпен бірге орындалды. Би қойылымын студенттердің өздері қойды. Инструментальдық аспаптарда орындау номинациясына университетіміздің Ұлттық аспаптар ансамблінің жетекшісі А.Ш.Джумабаев студенттерді өзі дайындап, көмек көрсетіп отырды. Факультеттер арасында өткен байқаудың нәтижесі бойынша, «Өнерлі факультет 2016» байқауының Бас жүлде иегері Жалпы медицина факультеті, бірінші орынды Шетел студенттері факультеті, екінші орынды Стоматология факультеті және Қоғамдық денсаулық сақтау факультеттері иеленді. Ойымызды қорыта келе, байқауға қатысушылар саны жылдан-жылға көбейіп, өнерпаздарымыздың шығармашылығы арта берсін,- деген игі тілегімізді білдіреміз.
Дайындаған Жастар мәдени шығармашылық орталығының
көркемдік жетекшісі С.А.Апсаттарова