ҚазҰМУ студенті эстрадалық ән өнерінен қалалық «Дельфий ойындары-2018» байқауының жеңімпазы атанды
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жалпы медицина мектебінің 4 курс студенті Бабахан Сержан Алматы қаласында өткен «Дельфий ойындары-2018» байқауында эстрадалық әндер номинациясы бойынша I-орынды жеңіп алды. Қалалық «Дельфий ойындары» байқауында эстрадалық әндер номинациясы бойынша I-орынды екінші мәрте жеңіп алып отырмыз. Осыдан төрт жыл бұрын байқауға Стоматология мектебінің түлегі О.Месов қатысып, I-орын алған болатын. Сержанның бұл жеңісі университетіміз үшін үлкен мақтаныш. Биылғы жылғы «Дельфий ойындары» байқауы 2018 жылдың 21 және 23 мамыр күндері аралығында Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен жастар мен жасөспірімдер арасында «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтті. Байқауға Алматы қаласының 10-25 жас аралығындағы жастары, мектеп оқушылары, студенттері 16 номинация бойынша бақ сынасты. Осы байқауға қатысқан талай өнерлі жастардың арасынан Бабахан Сержан өзінің еңбекқорлығы және маман жетекшілерінің дайындауы арқасында оза шауып, жеңіске жетті. Сержан университет табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап-ақ, өзін жақсы жағынан көрсетіп, университет аясында өткен барлық мерекелік іс-шараларға қатысып, белсенділік танытып келеді. Қала бойынша бірінші орын иегерлері осы жылдың күзінде Республикалық «Дельфий ойындарына» қатысатын болады. Дана халқымыз «Жігітке жеті өнерде аздық қылады» – демекші Сержанға болашақта да үлкен жеңістерге жетіп, өзін жан-жақты таныта беруіне тілектестік білдіреміз.