ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ға іс-сапармен келді
Бүгін Алматыға жұмыс сапарымен ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев келді. Ол қаланың медициналық ұйымдарына барып, жұмыс күнінің көп бөлігін ҚазҰМУ жатақханаларын аралауға және университет кампусын тексеруге арнады. Вице-министр 24 тамызда ашылған ЖОО-ның жаңа заманауи жатақханасымен танысты. 6 қабатты ғимарат 420 жайлы төсек-орынды қамтиды. Және жеке дәретхана-душ бөлмелері бар, әр студент үшін жеке оқу және жатын орны, жұмыс үстелі мен шкафтардан тұрады. Әр қабатта асүйлер, коворкингтер және барлық қажетті жабдықтары бар тұрмыстық үй-жайлар, сондай-ақ жайлы оқу сыныптары орналасқан. Жертөледе кір жуатын бөлме, спорт залы, техникалық және коммерциялық кабинеттер, ыңғайлы және қауіпсіз сақтау бөлмесі бар.
Тимур Сламжанұлы Сұлтанғазиев ҚазҰМУ-дың студенттік қалашығын аралап, №8, №1 және №2 жатақханаларды көріп, ескі жатақханаларды жаңғырту жұмыстарымен танысты. Осы жазда жатақхананың әр қабатындағы душ бөлмелері, дәретханалар мен асүйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен ауыстырылды. Сонымен қатар, кіре-беріс залдар мен жатақхана бөлмелері жаңартылды. Бірінші Денсаулық сақтау вице-министрі студенттермен сөйлесті. Жетекші медицина университетінің шәкірттері өмір сүру жағдайларына риза екендіктерін атап өтіп, студенттік қалашықтағы осындай маңызды өзгерістер үшін ҚазҰМУ басшылығына алғысын білдірді.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов бүгінгі таңда жатақханаға мұқтаж барлық студенттер жатақханаға орналастырылғанын атап өтті. Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша жатақханаларға 2211 студент орналасқан, 931 орын бос қалды. Марат Шоранов сонымен қатар Тимур Сұлтанғазиевті университеттің студенттік қалашық аумағында тағы бір жаңа жатақхана салу жоспарымен таныстырды.
Одан кейін бірінші вице-министр ҚазҰМУ кампусына барып, бақылау-өткізу пункттерінен бастап, дәріс залдары мен оқу сыныптарының жаңғырту жұмыстарымен танысты. Заманауи үлгіде жасалған Академиктер залы және Альбина Котова атындағы Технопарк-залды аралады. ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов жақын арада №7 оқу корпусының барлық дәріс залдары заманауи стандарттар бойынша жаңғыртылатынын атап өтті. Сонымен қатар, № 7 оқу корпусының кіре-беріс торабы мен залдарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Тұжырымдамаға сәйкес, әр кеңістік студенттердің игілігі үшін пайдаланылады – кең дәліздер бос уақытты пайдалы өткізуге арналған коворкинг пен жайлы орынға айналады.
Марат Шоранов білім беру процесін цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды және оның артықшылықтары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Қазіргі таңда, оқу жоспарын қалыптастыруға және уақыт нормаларын ескеруге мүмкіндік беретін Stuffing Summer жеке әдістемелік конструкторы әзірленді. Оқытушылардың педагогикалық жүктемесі азайтылып, студенттер үшін ыңғайлы кесте жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, оқытушылардың ресурстарын, жүктемесін басқару жоспарлары жақсарып, қауіпсіздік артты. QR-кодты, электрондық журналды пайдалана отырып, сабаққа қатысуды бақылаудың жаңа жүйесі енгізілді.
ҚазҰМУ ректорының айтуынша, университетті жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс қабылданған студенттік орталықтандыру стратегиясы шеңберінде жүргізілуде. Жұмыс сапарының соңында бірінші вице-министр Қазақстанның жетекші медициналық университетінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, барлық идеяларды жүзеге асыруға сәттілік тіледі.