ҰОС ардагерлеріне тегін медициналық көмек көрсетілді
ҰОС ардагерлеріне тегін медициналық көмек көрсетілді – Алматы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын және Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің клиникасында Ұлы Отан соғысының әйел ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған Ашық есік күні өтіп жатыр.
«8 наурыз – Халықаралық қыз-келіншектер күні қарсаңында бүгінгі шараға тек Ұлы Отан соғысына қатысқан және соғыс кезінде тылда еңбек еткен аналарымызды шақырып отырмыз. Бүгін барлығы 31 адам келеді. Енді соңғы емделуші қаралғанша жұмыс істейтін боламыз. Олар үшін университеттің жоғары білікті мамандары медицинаның барлық бағыты бойынша тегін ақыл-кеңес беру және емдеу шараларын жүргізеді», – деді өз сөзінде аталмыш клиниканың директоры Жанар Ғұбайдуллина
Оның айтуынша, ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері және Ленинград қоршауында болған азаматтарға арналған қайырымдылқ шарасы мұнымен бітпейді.
«Қайырымдылық шаралары, оның ішінде Ашық есік күндері биылғы жылдың соңына дейін ай сайын өткізіліп тұратын болады. Тиісті емделушілерімізге жыл соңына дейін стационарлық және күндізгі стационарлық көмек көрсетуге және барлық дәрі-дәрмектерге мемлекеттік тапсырыс аясында университетке 1,5 млрд. теңге қаржы бөлінді», – деді Ж. Ғұбайдуллина
«Кәдімгі емханаларда сағаттап кезекте отырамыз. Ал бүгін бізге өте жақсы қызмет көрсетілді. Елбасының Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет көрсету туралы игі бастамасына көп рахмет!» – деді 82 жастағы тыл еңбеккері Зоя Глазычева. Ол соғыс кезінде Архангельск қаласының жиhаз фабрикасында анасы екеуі миналар мен снарядтар салатын ағаш қораптар жасау жұмысына қатысқан екен.
Автор: Жаппарберген Айбота