Қазақстанда 270 мыңдай тұрғын қант диабеті дертіне шалдыққан
Бұл – ресми мәлімет. Шындығына келгенде олардың саны бұдан әлдеқайда көп. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары айтып отыр. Алматыда өткен халықаралық конференцияда АҚШ, Жапония және Еуропа елдерінің ғалымдары диабет дертін анықтау мен одан емдеудің жаңа стандарттарын енгізу мәселелерін бірлесіп талқылады. Қазір елімізде 40 жастан асқан тұрғындар арасында қант диабетін ерте анықтау мақсатында арнайы бағдарлама қабылданып, жұмыс істеуде. Жыл сайын осы дертті ауыздықтауға жұмсалатын қаржы көлемі ұлғайып келеді. Жанай Ақанов, Диабет орталығының директоры: — Біз емдеудің инновациялық тәсілдерін ендіріп, әлемдік стандарттың жоғары деңгейіне шығуды көздейміз. Біз бұл ретте солтүстік, батыс, шығыс, оңтүстік және орталық өңірде диабет орталығын ашуды ұсынамыз. Біз сол кезде қант диабетінің алдын алу мен емдеуді жүйелі жүргізе аламыз. Эндрю Болтон, Диабетті зерттеу бойынша еуропалық қауымдастық президенті: — Бұл жиын диабетті түпкілікті зерттеудің бастамасы болуы керек. Бұл аурумен ауыратындар тобын ерте анықтаудың озық тәсілдерін өзге елдер сәтті қолданады. Қазақстанға тәжірибелік емдік жетістіктерді ендіру қажет.