Қант диабетіне шалдыққандар саны әлем бойынша 400 миллионға жетті
Әлем бойынша қант диабетіне шалдыққан науқастар саны 400 миллионнан асты. Бұл туралы Алматыда өткен халықаралық конференцияда шетелдік эндокринолог мамандар мәлімдеді. Бұл дерт әсіресе Африка, Үндістан, Қытай елдерінде кеңінен етек жайған. Соңғы жарты жылда жүргізген зерттеулердің нәтижесінде диабет таяқшалары егде жастағы адамдардан гөрі, жасөспірімдерде де көп байқалған. «Ағзадағы жасушаларды кептіретін бұл аурудың белең алуына заманауи өмір салты мен құнарсыз тамақ кінәлі», дейді дәрігерлер. Ең сорақысы, Африканың кей өңірлерінде науқас жандар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмейді екен. Осы жайларды жіпке тізген мамандар ортақ бағдарлама қабылдап, науқас жандарға инсулин сынды дәрілерді тегін таратуды ұсынды. Ал, отандық дәрігерлердің аяғы ауыр келіншектерге жүргізген емдік тәсілдерін жоғары бағалаған шетелдік сарапшылар, бұл тәжірибені дүниежүзі ауруханаларында қолданбақ.
Жанай Ақанов, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Диабет орталығының жетекшісі: Денсаулыққа немқұрайлы қарау — диабет кеселін өршітіп жібереді. Ал, дер кезінде көрсетілген көмек ауруды асқындырмауға септеседі. Тіпті, соңғы технологиялардың көмегімен диабетке шалдыққан жүкті әйелді босандыруға мүкіндік бар. Ең бастысы, мұндай ем баланың да, анасының да денсаулығына зиян келтірмейді.
Әйгерім МУСИНА
© www.kaztrk.kz