Алматыдағы 2017 жылғы қысқы Универсиадаға ҚазҰМУ-дан 130-ға жуық ерікті студент жұмылдырылуда
29 қаңтарда «Алматы Арена» мұз айдынында XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадасының ашылу салтанаты өтті. XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиада 2017 жылы 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Қысқы Универсиада сайыстарына 55 елден 2000 спортшы қатысуда. Сондай-ақ, үш мыңға жуық еріктілер жұмылдырылған.
Алматыдағы студенттік ойындарға еріктілер ретінде Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дан 131 студент қатысуда. Оның ішінде 43 интерндер мен резиденттер медициналық қызметті қамтамасыз етуде белсенді жұмыс атқаруда. Өзге де қызметтерге «Жалпы медицина» факультетінен 40 студент, «Стоматология» факультетінен 5 студент, «Фармация және фармацевтикалық өндіріс технологиясы» факультетінен 24 студент, «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультетінен 11 студент атсалысып жатыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде салтанатты түрде өткен «Алау жағу» іс-шарасына, медицина саласындағы үздік студенті ретінде «Жалпы медицина» факультетінің 3 курс студенті, ҚазҰМУ-дың Студенттік Үкіметінің төрағасы, Университеттік Кеңестің мүшесі Солтанай Жәнібек қатысты.
Университетіміз атынан Эстафета алауын алып жүру салтанатына «Жалпы медицина» факультетінің 2 курс студенті, нысанаға дәл тигізу, стенд ату спорты бойынша Қазақстан құрама командасының резерві, Халықаралық деңгейдегі спорт шебері Почивалов Давид қатысты.
ҚазҰМУ-дың Баспасөз қызметі