Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың денсаулық сақтау саясаты және менеджмент кафедрасы АҚШ-тың Lehigh университетімен бірігіп «Қазақстандағы энергияны әртараптандыру, ауаның ластануы және туу нәтижелерін бақылау» жобасы аясында ауаның ластануының ана мен бала денсаулығына әсерін зерттеуде
Алматы қаласының ауа құрамындағы ауыр металдардың әсерінен созылмалы зардаптардың өте жоғары қаупі халықтың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Шетелдік тәжірибе хабардарлық және білім беру тұрғысынан да, сонымен қатар ластану деңгейін төмендету бойынша белсенді шаралар қабылдау мақсатында ауаның сапасы бойынша әрекет ету қажеттілігін көрсетеді.
Жүкті әйелдер, аналар мен балалар қоршаған ортаның ластануына сезімтал болғандықтан, бұл зерттеу олардың денсаулығын қорғау бойынша ұсыныстар әзірлеуге бағытталған.
Алматыдағы АҚШ елшілігі қаржыландырған бұл жоба ҚазҰМУ докторанты мен екі университеттің магистранттарының қатысуымен жүзеге асырылуда.
Жобаның бас үйлестірушісі, профессор Хюнок Чойдың ҚазҰМУ-ға сапары барысында университеттің корпоративтік даму жөніндегі проректоры Убайдилла Датхаев Лихай университетімен ғылыми және оқу жұмысын одан әрі жалғастыру мәселелерін талқылап, зерттеушілерге сәттілік тіледі.