Болашақ дәрігер болуыма шабыт берген жиын
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің Т.Шарманов атындағы Даңқ залында (2023ж.) ақпанның 22-ші жұлдызында аты аңызға айналған, Қазақ Медицина Ғылым академиясының академигі (1989ж.), негізін салушы (1995ж.), «Халық Қаһарманы» (1995ж.), хирургтар қауымдастығының мүшесі, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі (1982-1987 ж.ж.) – Әлиев Мұхтар Әлиұлына арналған айтулы 90 жылдық еске алу кеші аталып өтілді. Аталған жиында М.Әлиевтің замандастары мен шәкірттері дәрігердің өмірі және еңбек жолы жайлы сыр шертті. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің дипломнан кейінгі білім беру факультетінің деканы Баймаханов Абылай Ниятұлының ұсынысымен аталған жиында алдыңғы буынмен қатар академик М.Ә.Әлиев жайлы баяндама оқу бақыты маған да бұйырды.
Ақпараттарды жинау барысында, Қазақ ұлтының басында дүрбелең шақта (1933ж.) өмірге дүниеге келген М.Әлиевтің өмірінің қандай қызық әрі қиыншылыққа толы болғанына көзім жетті. «Жақсылық жасауға асығыңдар» – деп насихаттаған М.Әлиевтің, халық үшін, медицина саласына қосқан үлесі орасан зор. Ол өз заманының «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлғасы болған деп айтсам еш қателеспеймін. Себебі, бір жанның бойына көптеген адами қадір-қасиет пен бірнеше мансапты алып жүру бұйырған екен. Жаңалыққа жаны құмар дәрігер өз заманында медицина саласына – эндовидеохирургияны енгізгуде алғашқыларының бірі бола білді. Замандастары мен көзін көрген тұлғалардың айтуы бойынша – М.Әлиев «универсал» хирург болған, себебі тек абдоминальды хирургияны ғана емес, торакальды хирургияны, қан-тамыр хирургиясын да жетік меңгерген дәрігер 50-ге жуық аортакоронарлы шунттау оталарын жасап шығарды. Өз ісінің нағыз маман бола білген ол, еңбек жолында 18000-ға жуық ота жасап, Қазақстан Республикасының ең жоғарғы атағы – «Халық қаһарманы» марапатына да ие болды. Өз сөздерінде М.Әлиев: «Мен жақсы дәрігер болу үшін, жақсы хирург болу үшін, ұзақ жолды жүріп өттім» – деген екен. Ақпаратымызға бұл сөздер дәйек бола алады.
5 жасында анасынан, студенттік шағында әкесінен айырылып, балалық шағы қиын өтсе де, бойына дарыған қажыр-қайратының, адал еңбегінің арқасында қарапайым ауыл мұғалімінен Денсаулық Сақтау Министрі лауазымына дейін өз күшімен жете білді. Республикамызда тұңғыштардың бірі болып трансплантология орталығын ұйымдастырды. Яғни, М.Әлиев талай шәкірттің көзін ашқан, ғылым-білімге үйреткен ұлағатты ұстаз, талай жанның дертіне дауа таба білген ақ халатты абзал жан, энтузиаст әрі кемеңгер көшбасшы, ұйымдастырушы болды деп мақтанышпен айта аламыз.
Баяндаманы дайындау барысында дәрігер өмірінің кейбір тұстарынан өз өмірімнің бөлшектерін көргендей болдым. Сыр елі, Жыр елі болған Қызылорда қаласының тумасы әрі тұлға болып қалыптасарда екі таңдауда: бірі – журналистика, бірі – дәрігер мамандығы болған. Жүрек қалауымен, тағдыр шешуімен медицина саласына түскен. Бұл сәйкестіктер, атақты дәрігердің бойына біткен қасиеттері мен жеткен жетістіктері болашақ менің де дәрігер болып қалыптасуыма шабыт берді. Аталған жиын өте мағыналы, медицина түлектеріне берері мол. Тілерім осындай ұлы тұлғалардың ұлылығын ұлықтап, еңбек жолын насихаттайтын, шабыт беретін жиындардың қатары үзілмесе екен. Ал, түлектер өз кезегінде М.Әлиев сынды тұлғалардан үлгі алса, елімізде көзі ашық, көкірегі ояу медицина саласында талай жанның өміріне араша бола алатын, болашағы зор ұрпақ өсіп шығары анық.
Қазиева Айгерім Махмутқызы
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің
«Жалпы хирургия» мамандығы бойынша 1-курс резиденті
Ключевые слова:
https://news kaznmu edu kz/kaz/болашақ-дәрігер-болуыма-шабыт-берген/