Денсаулық сақтау вице-министрі – еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова ҚазҰМУ Фармация мектебінің түлектеріне дипломдар табыстады
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде кезекті дипломдарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Бүгін Фармация мектебінің түлектері дипломдарын алды. 110 маманға бакалавр дәрежесі берілді.
«Құрметті түлектер, қадірлі ата-аналар, мен сіздердің барлық жақындарыңыз бен туыстарыңызға жеке алғысымды білдіргім келеді. Себебі сіздердің университет қабырғасында білім алып, медицина ғылымының негіздерін зерделеп, бүгін осы залда тұруларыңыз үшін ата-аналарыңыз барын салды. Бұл олардың да мерекесі, ата-аналарға бөлек қол соғып қояйық. Шын мәнінде, ХХІ ғасырдағы медициналық мамандық дәрігердің толық уақытын талап етеді. Медициналық университеттің табалдырығын бір рет аттағаннан кейін, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін өмір бойы өз-өздеріңізді дамытуға және өз білімдеріңіз бен дағдыларыңызды арттыруға, ғылымның қазіргі заманғы жетістіктерімен қатар жүруге міндеттелесіздер. Сіздер студенттік жылдарда сенімді достар тапқандарыңызға сенімдімін және бүгін сіздер тәуелсіз өмірге қадам басып отырсыздар. Егер 25 жыл бұрын мен осында диплом алсам, бірақ ол кезде біз егеменді тәуелсіз Қазақстанды құрғанбыз, ал сіздер бүгін университет табалдырығынан Жаңа Қазақстанға қадам баспақсыздар, Жаңа Қазақстанды сіздер өздеріңіз құрасыздар демекпін»,- деді ректор Марат Шоранов.
ҚазҰМУ дипломдарды табыстау рәсіміне Қазақстан үкіметінен келген жоғары мәртебелі қонақтар қатысты. Түлектерге дипломдарды еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі, Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова және ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев табыстады. Олар да С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлтық медицина университетінің түлектері болып табылады. Қазақстанның жетекші медициналық жоғары оқу орнының ректоры Марат Шоранов жақында ғана университетте орасан зор оқиға – ҚазҰМУ барлық жылдардағы түлектерінің бірінші съезі өткенін және отандық денсаулық сақтаудың дамуына үлес қосқан жоғары оқу орнының көрнекті түлектеріне университеттің медальдары табыс етілгенін еске салды.
«ҚазҰМУ мақтанышы – Университет мақтанышы» медальдарымен құрметті қонақтар Айжан Есмағамбетова мен Қуаныш Ерғалиев марапатталды. Айжан Серікбайқызы Алматы мемлекеттік медицина университетін 1997 жылы дәрігер-гигиенист, эпидемиолог мамандығы бойынша тәмамдаған. Қуаныш Асылханұлы Қазақ ұлттық медицина университетінің 2006 жылғы түлегі.
2006 жылдың түлегі ғылым және жоғары білім вице-министрі Ерғалиев Қуаныш Асылханұлы, 1997 жылдың түлегі Денсаулық сақтау вице-министрі, Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Есмағамбетова Айжан Серікбайқызы.
«Құрметті ата-аналар, түлектер бүгін мен осы сахнада тұрғанымды мақтан тұтамын. Мен үшін бұл өте маңызды оқиға, өйткені 25 жыл бұрын мен осы жерде түлек ретінде тұрып, академик Шарманов Төрегелді Шарманұлының қолынан дипломымды алдым. Қадірлі түлектер, бүгін сіздердің өмірлеріңіздің ең маңызды күндерінің бірі себебі, сіздер медициналық қауымдастықтың бір бөлігіне дипломы бар мамандарға айналдыңыздар. Бүгіннен бастап Қазақстан халқының денсаулығы сіздерге де байланысты болмақ. Әлбетте, әрқайсыңыз өз жолдарыңызды таңдайсыздар, біреу ғылымға жол салса, біреу университетте дәрігерлердің жаңа буынын тәрбиелеуде қалады. Бірақ әрқайсыңыздың Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосар үлестеріңіз бағалы, өйткені сіздер – Денсаулық сақтау жүйесінің болашағысыздар, Сіздер – Қазақстанның болашағысыздар. Халқымыздың денсаулығы – еліміздің дамуының кепілі екенін бәріміз түсінеміз. Құрметті түлектер, барлықтарыңызға жақсы тәлімгерлер тілеймін, өйткені әріптестерім айтқандай, дәрігердің жолы – бұл үнемі жетілу, даму. Жақсы тәлімгерлер мен науқастар. Осы орайда ата-аналарды да балаларыңыздың алғашқы жетістігімен құттықтағым келеді, өйткені балаларыңыз ең қиын жоғары оқу орнын, медициналық жоғары оқу орнын тәмамдады. 6 жылдың қажырлы еңбегі, оның 2 жылы пандемия және қашықтықтан оқыту жағдайында өтті. Біз дәрігерлерге мұндай білімнің өте қиын екенін түсінеміз. Сіздер бұл жолдан абыроймен өттіңіздер. Сіздерді құттықтаймын», – деп өз сөзін түлектерге арнады Айжан Есмағамбетова.