«Есірткі, ішімдік және зиянды заттарға тәуелділіктің алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
ҚазҰМУ ғылыми кітапханасында «Есірткі, ішімдік және зиянды заттарға тәуелділіктің алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараның мақсаты – студенттер арасында зиянды әдеттердің алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және тәуелділіктің медициналық-әлеуметтік салдары туралы білімдерін арттыру болды. Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 3-мақсатына (ЦУР 3 – «Сапалы денсаулық және әл-ауқат») сәйкес ұйымдастырылды.
Аталған мақсат халық денсаулығын нығайтуға, зиянды әдеттердің алдын алуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Іс-шара барысында бірқатар мазмұнды баяндамалар ұсынылды: Аяғанов Бекнур «Токсикомания» тақырыбында презентация жасап, клей иіскеудің қауіптілігі мен оның жасөспірімдер арасындағы таралу мәселесін ашып көрсетті.
ОЗ23-001 топ студенттері: Оразалы Алиман, Алимгазина Амина, Хасенғали Самал «Есірткіге тәуелділік – қазіргі қоғамның қауіпі» тақырыбында баяндама жасады.
PhD докторант Дихан М.Д. «Алкоголизм және оның денсаулыққа әсері» тақырыбында ғылыми баяндама ұсынды.
Интерактивті бөлімде студент Байдалин Бауыржан белсенділік танытып, қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, зиянды әдеттердің алдын алу жолдарын және оған қарсы іс-қимылдарды нақты көрсете білді.
Іс-шараны кәсіби деңгейде фотоға түсіріп, есте қалдыруға Баконай Тұрар көмектесті.
Плакаттар байқауы аясында келесі тақырыптар ұсынылды:
«Есірткісіз өмір» – МПД23-001к
«Алкоголь – үнсіз жау» – Мед23-001к
«Таңдау – сенің қолыңда» – Пед23-002к
Барлық плакаттар мазмұнды, креативті және тәрбиелік мәні жоғары болды. Әділ бағалау нәтижесінде барлық қатысушыларға тең орын беріліп, естелік сыйлықтар табысталды.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, студенттердің қызығушылығын арттырды. Қатысушылар зиянды әдеттердің алдын алу бойынша маңызды білім алып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын түсінді.












