Мейірімділік дәстүріне адалдық: ізгі ұрпақ дәрігерлерін тәрбиелеу – С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының басымдығы
«Қазыналы қарттарым» айлығы аясында, Қарттар күніне орай «Алатау» қалалық ауруханасында аға буын өкілдерінің денсаулығын қолдауға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған акция өтті.
Іс-шара барысында медициналық тексерулер ұйымдастырылып, аурулардың алдын алу және денсаулықты сақтау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қарт адамдардың үйлеріне барып, медициналық көмек көрсету және оларға сыйлықтар табыстау шаралары жүзеге асырылды.
Акцияға С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының 1-оқу жылының резиденттері Қаржаубайқызы Гауһар мен Жанабаев Көбейсін кафедра ассистенті, клиникалық тәлімгер Н. М. Қожекенованың жетекшілігімен белсенді қатысты. Жас мамандар жұмысқа үлкен жауапкершілікпен және шынайы ықыласпен араласып, қарт адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын қолдауға өз үлестерін қосты.
С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасы болашақ неврологтардың жоғары кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға ғана емес, сонымен қатар ізгілікке, мейірімділікке және әлеуметтік жауапкершілікке негізделген дәрігерлер ұрпағын тәрбиелеуге де ерекше көңіл бөледі. Аға буынға құрмет көрсету, жанашырлық таныту, көмекке дайын болу және әрбір пациентке ілтипатпен қарау – дәрігерлік этиканың және жас мамандардың кәсіби қалыптасуының ажырамас құрамдас бөліктері.
Резиденттердің осындай әлеуметтік бастамаларға қатысуы аталған құндылықтарды нығайтуға ықпал етіп, медицина мамандығында кәсіби білімнің, адамгершіліктің және азаматтық жауапкершіліктің біртұтас болуының маңыздылығын айқындайды.
Акцияға белсенді қатысқаны үшін «Алатау» қалалық ауруханасы жас мамандарға алғыс хаттар табыстады.
Дәрігер тәрбиелеу дегеніміз – тек кәсіби маман қалыптастыру ғана емес, сонымен қатар жүрегі мейірімге толы, әрбір пациенттің денсаулығын, қадір-қасиетін және әл-ауқатын қорғауды басты парызы санайтын тұлғаны тәрбиелеу.










