Психикалық денсаулық – жан дүние мен ақыл-ой үйлесімінің және сапалы өмірдің негізі
2026 жылғы 9 қазанда, Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні қарсаңында, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде психикалық және эмоционалдық денсаулықты сақтауға арналған мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараны Фармация мектебі мен Инженерлік пәндер және тиісті практикалар кафедрасы ұйымдастырды.
Кездесудің құрметті қонағы әрі дәріскері – Шахметов Бельгибай Амангельдиевич, медицина ғылымдарының докторы, ҚазҰМУ психиатрия және наркология кафедрасының профессоры, В.И. Вернадский атындағы сыйлықтың лауреаты.
Профессор жастардың психоэмоционалдық жағдайына, ішкі тепе-теңдікті сақтауға, эмоционалдық тұрақтылыққа және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ерекше назар аударды. Оқу жүктемесі мен ақпараттың көптігі жағдайында уақытылы демалу, күш-қуатты дұрыс бөлу және өмірге оң көзқараспен қарау аса маңызды.
Дәрісте күлкі, жылы жымию және жағымды эмоциялардың адам өміріндегі рөлі де талқыланды. «Күлкі өмірді ұзартады» деген нақылға тоқталған профессор жағымды эмоциялардың психологиялық саулық пен өмір сапасы үшін маңызын түсіндірді.
Кездесуге бірінші және екінші курс студенттері ерекше белсенділікпен қатысты. Аудитория лық толып, іс-шара нағыз аншлагпен өтті! Жастар ашық пікір алмасып, маңызды сұрақтар қойды: қалай ұзақ әрі бақытты өмір сүруге болады? Ақыл-ой және эмоционалдық қажудың алдын қалай алуға болады? Профессордың ғылыми еңбектерін қайдан табуға болады? Көру қабілеті мен көру арқылы қабылдау адамның психологиялық жағдайына және өміріне қалай әсер етеді?
Профессор студенттермен ғылыми тәжірибесімен, кәсіби білімімен және өмірлік даналығымен бөлісіп, тұлғаның үйлесімді дамуы мен күнделікті өмірден қуаныш таба білудің маңызын атап өтті.
Болашақ фармацевтер мен фармацевтикалық өндірістің инженер-технологтері үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Олардың кәсіби қызметі дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікті, зейіннің жоғары болуын, шешімдердің дәлдігін және кәсіби этиканы талап етеді. Сондықтан психоэмоционалдық тұрақтылық пен кәсіби қажудың алдын алу – маңызды кәсіби құзыреттер.
Іс-шара соңында медициналық білім мен ғылымға қосқан көпжылдық үлесі, жас ұрпаққа берген тәлімі және мазмұнды дәрісі үшін Бельгибай Амангельдиевичке С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры Датхаев У.М. атынан Алғыс хат табысталды.
Университеттің қадірлі ақсақалы Бельгибай Амангельдиевичтің иығына ғылыми жетістіктері мен ұзақ жылғы еңбегіне деген құрмет белгісі ретінде ұлттық дәстүрге сай шапан жабылды. Бұл – қазақ халқының үлкенді сыйлау, ұстазды ұлықтау және ғылымға еңбек сіңірген тұлғаларды қадірлеу дәстүрінің жарқын көрінісі.
Кездесудің ерекше әсерлі сәті – студенттердің ардақты профессормен бірге естелік суретке түсуі болды. Жастар ақсақалдың жанына ықыласпен жиналып, ортақ фотосессия ұйымдастырды. Бұл көрініс ұрпақтар сабақтастығының, жастық жігер мен өмірлік даналықтың, ғылыми тәжірибе мен білімге құштарлықтың символына айналды.
Фармация мектебі мен Инженерлік пәндер және тиісті практикалар кафедрасының ұжымы Бельгибай Амангельдиевичке тағылымды дәрісі, ақыл-кеңестері және болашақ мамандарды тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдіреді!
Адам денсаулығы – тек тән саулығы ғана емес, жан тыныштығы, ізгі ой, шынайы күлкі және өмірдің әр сәтінен қуаныш таба білу!
Жаны сау ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі!




















