Эксперттік мониторинг жүйке-бұлшықет ауруларын емдеу бойынша Қарағандыда өткізілді
28–29 сәуір күндері Қарағанды қаласында, Многопрофильді облыстық балалар ауруханасы (Шахтёрлер даңғылы, 83) және Облыстық клиникалық аурухана (Ерубаев көшесі, 41/43) базасында жүйке-бұлшықет аурулары (ЖБА) бар пациенттерді емдеу тиімділігін бағалау бойынша сарапшылар тобының жұмысы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты — ЖБА бар пациенттерде дәрілік терапияның тиімділігін кешенді бағалау. Бастама медициналық көмектің сапасын арттыруға, емнің клиникалық нәтижелілігін қамтамасыз етуге, пациенттерді жүргізудің жекелендірілген тәсілін енгізуге, сондай-ақ медициналық көмекті ұйымдастырудағы жүйелі мәселелерді анықтауға бағытталған.
С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті атынан жұмыс тобы төрағасының орынбасары, медицина ғылымдарының докторы, жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі, ҚР ДСМ бас штаттан тыс ересектер неврологы Туруспекова С.Т. қатысты.
Жұмысқа республикалық деңгейдегі жетекші мамандар қатысты: ҚР ДСМ әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша медициналық көмекті басқару бас сарапшысы Тумабекова Ж.А.; Астана медицина университеті балалар анестезиологиясы, қарқынды терапия және жедел медициналық көмек кафедрасының профессоры, ҚР ДСМ бас штаттан тыс балалар паллиативтік көмек маманы Малтабарова Н.А.; Ұлттық балаларды оңалту орталығы басқарма төрағасының медициналық бөлім бойынша орынбасары, ҚР ДСМ бас штаттан тыс балалар реабилитологы Алтынбекова А.Т.; Астана медицина университетінің неврология кафедрасының меңгерушісі Есжанова Л.Е.; Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының жүйке жүйесінің аутоиммундық аурулары және шашыранды склероз орталығының жетекшісі, өңірдің орфандық аурулар бойынша үйлестірушісі Евстафьева Н.А.
Сонымен қатар, Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Оспанова Л.Т. және басқарманың бас штаттан тыс балалар неврологы Тлемисова Д.С. қатысты.
Жұмыс барысында әрбір клиникалық жағдай жеке қарастырылып, қатар жүретін аурулар мен басқа да факторлар ескерілді. Негізгі қағида — халықаралық критерийлерге негізделген объективті мониторинг болды. Оған диагнозды генетикалық растау, моторлық функцияларды HFMSE, CHOP INTEND және RULM шкалалары бойынша бағалау, тыныс алу және нутритивтік статус талдауы, емге бейімділік пен пациент жағдайының динамикасын бағалау кірді.
Пациенттердің соматикалық жағдайына ерекше назар аударылды, соның ішінде эндокриндік, гепатобилиарлық және жүрек-қантамыр жүйелері, сондай-ақ ортопедиялық сүйемелдеу мәселелері қарастырылды.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы сарапшылар тобына атқарылған жұмыс үшін алғыс білдірді. Бұл өзара әрекеттесу форматы жүйке-бұлшықет аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсету мәселелерін тереңірек түсінуге, ұйымдастырудағы әлсіз тұстарды анықтауға және оларды жетілдіру жолдарын белгілеуге мүмкіндік бергені атап өтілді.
Жүргізілген жұмыс ЖБА бар пациенттерді емдеудің тиімділігін арттыруға және өңірде мамандандырылған медициналық көмекті одан әрі дамытуға ықпал етеді.







