Қазақстанда неврологиядағы заманауи әлемдік үрдістер талқыланды
11 қыркүйекте Алматы қаласында «Заманауи әлемдік үрдістер аясындағы неврология» атты халықаралық қатысумен ғылыми-практикалық конференция өтті. Ауқымды медициналық іс-шара академик Р.С. Күзденбаеваның есімімен аталған «Адам және Дәрі – Қазақстан» XIX халықаралық конгресі аясында ұйымдастырылды. Сараптамалық алаңның ұйымдастырушылары – «ҚР Неврологтар қауымдастығы» ҚБ және «С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ.
Конференция әлеуметтік маңызы жоғары неврологиялық аурулары бар пациенттерді диагностикалау, емдеу және оңалтудың озық әдістерін талқылау мақсатында жетекші ғалымдарды, практикалық денсаулық сақтау саласының дәрігер-неврологтарын және сабақтас мамандарды біріктірді.
Цифрлық формат медициналық аудиторияны кең көлемде қамтуға мүмкіндік берді – іс-шара трансляциясын жетекші ғалымдар мен практикалық дәрігерлер тарапынан 10 697 рет тыңдау тіркелді.
Қатысушыларға құттықтау сөзін отандық медициналық ғылымның мойындалған көшбасшысы, медицина ғылымдарының докторы, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының профессоры, ҚР Неврологтар қауымдастығының Президенті Еркын Смагулович Нургужаев арнады. Баяндамашы үздіксіз медициналық білім берудің және пациенттердің өмір сүру сапасын арттыру мақсатында әлемдік үрдістерді қазақстандық дәрігерлердің күнделікті клиникалық тәжірибесіне енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Пленарлық отырыста қазіргі неврологияның өзекті мәселелерінің кең ауқымы – тамырлық апаттардан бастап сирек кездесетін аурулар мен дегенеративті үдерістерге дейінгі мәселелер қамтылды.
Эпилепсия және ми функцияларының бұзылыстары: Эпилепсияға қарсы терапияны нақты клиникалық тәжірибеде оңтайландыру мәселелерін профессор Т.Н. Хайбуллин (Семей) егжей-тегжейлі қарастырды. Жедел және созылмалы ми функцияларының бұзылыстарын фармакологиялық түзету әдістеріне доцент Т.В. Каймак (Семей) өз баяндамасын арнады.
Ауырсыну мәселесі: Арқа мен буындардағы ауырсынуды емдеудің жаңа парадигмасын Мәскеуден келген қонақ – Н.И. Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медицина университетінің қартаю аурулары кафедрасының профессоры А.В. Наумов таныстырды. Тақырыпты жалғастыра отырып, профессор Е.С. Нургужаев белдің төменгі бөлігіндегі ауырсыну кезінде кешенді метаболизмдік қолдау мүмкіндіктерін ұсынды.
Диагностикадағы инновациялар: Қауымдастырылған профессор Р.Т. Цойдың (Алматы) баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды. Ол клиникалық жағдай мысалында қан биомаркерлері қолданылатын қазіргі дәуірде неврологияның клиникалық диагноз қоюдан Альцгеймер ауруын биологиялық верификациялауға қарай қалай дамып келе жатқанын көрсетті. Шашыраңқы склероз кезіндегі диагностикалық қателіктер мен «қызыл жалаушалар» туралы қауымдастырылған профессор Р.Б. Нуржанова (Алматы) баяндады.
Инсульттер және дәлелді медицина: Профессор Е.С. Нургужаев медициналық қауымдастықты маңызды халықаралық көпорталықты рандомизацияланған зерттеудің (МИЗ) нәтижелерімен таныстырды. Зерттеу ишемиялық инсульттің жедел және ерте қалпына келу кезеңдеріндегі пациенттерге Мексидол препаратымен кезеңдік терапия жүргізудің тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсетті.
Нейродегенерация және шекаралық жағдайлар: ҚР ДСМ бас штаттан тыс неврологы, жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі С.Т. Туруспекова Паркинсон ауруының жаңа биологиялық анықтамасы қалыптасып жатқан кезеңдегі ауру туралы баяндама жасады. Ғылыми сессияны қауымдастырылған профессор Э.Б. Атантаева аяқтап, мазасыздық бұзылыстарындағы астениялық көріністерді және оларды емдеудің заманауи тәсілдерін талдады.
«Заманауи әлемдік үрдістер аясындағы неврология» конференциясы ғылыми ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Ұсынылған баяндамалар мен клиникалық зерттеулердің нәтижелері Қазақстанның практикалық денсаулық сақтау саласына ауыр неврологиялық бұзылыстарды ерте диагностикалау және тиімді емдеу үшін жаңа сенімді құралдар береді.









