Қазақстанда төрт мыңнан астам адам ағза трансплантациясын күтіп жүр
Қазақстанда 4 мың 117 адам ағза трансплантациясын күтіп отыр. Олардың 96-сы балалар. Алматыда Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде «Асыл қадам» деген тақырыппен ақпараттық-танымдық апталық өтті.
Оған бұған дейін ағза ауыстырған жандар арнайы шақырылды. Олар қазіргі денсаулық жағдайын айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Мамандар трансплантация процесін, заңдылық пен донорлықтың әлеуметтік мәселе екенін түсіндірді. Еске сала кетейік, елімізде алғаш рет донорлық трансплантация 2012 жылы жасалған. Ал өткен жылы 23 адамның ағзасы ауыстырылды.
Қазір елімізде жүрек, бүйрек, өкпе, бауыр және көздің сырты мөлдір қабатын ауыстыру операциясы сәтті өтіп жатыр.
Айдар Сейітқазынов, Республикалық трансплантация және жоғары технологиялық-медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының директоры:
«Қазіргі уақытта елімізде келісім презумпциясы принципі енгізілген.Яғни адам тірі кезінде ағзаларын алуға келіседі немесе келіспейді. Сонымен қатар дәрігерлер міндетті түрде донордың туыстарымен ақылдасып, рұқсат сұрауы қажет. Мысалы былтыр Қазақстанда 86 потенциалды донор болды. Бірақ 10 адамның туыстары ғана мәйіттік донорлыққа келісім берді. Біз жағдайды жақсы түсінеміз. Бұл мәселеде әр адам шешім қабылдау керек деп ойлаймын».
Гүлдана Байшуақова, рецепиент:
«Бүйрек ауыстырғаныма 8 жыл болды. Менде донор әкем болды. Қазақстанда менде бірінші рет әртүрлі қан топтағы бүйрек ауыстыру операциясы болды. Менде І-қан топ, әкемде ІІ-қан топ. Қазіргі күнде денсаулығым бәрі жақсы. 18 жасымда пересадка жасаттым. Одан кейін оқуға түстім, қазіргі уақытта бухгалтер болып жұмыс істеп қоғамға пайдамды тигізіп жатырмын».