ҚазҰМУ-да «Саналы ұрпақ – салауатты қоғам» профилактикалық форумы өтті
2026 жылғы 9 қазанда С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Concordia» театрында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Саналы ұрпақ – салауатты қоғам» профилактикалық форумы өтті. Тәрбие жұмысы және студенттік бастамалар орталығы ұйымдастырған кездесу студенттердің құқықтық мәдениетін арттыруға және қауіпсіздігін нығайтуға арналды.
Полиция майорлары Зарина Бейсенова, Сулушаш Досболова және Айгерим Куласбекова кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, есірткіге тәуелділіктің және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін түсіндірді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділ Досанов адалдық пен құқықтық жауапкершілік туралы баяндады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Жанна Кантарбаева діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне тоқталды. «Реневал Рехаб» оңалту орталығының бас дәрігері, психиатр-нарколог Санжар Турсинметов психотроптық препараттардың адам психикасына әсері жөнінде ақпарат ұсынды.
Студенттер профилактикалық бейнероликтер көріп, мамандарға сұрақтарын қойып, практикалық кеңестер алды. Форум аясында спикерлермен бейнесұхбаттар жазылып, кездесу соңында қонақтарға университет атынан алғыс хаттар табысталды.

















