Тәжиев Есентай Бөдесұлымен қоштасу рәсімі 2026 жылғы 24 сәуірде ҚазҰМУ-да өтеді
2026 жылғы 24 сәуірде С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Тәжиев Есентай Бөдесұлымен қоштасу рәсімі өтеді.
Қоштасу рәсімі сағат 10:00-де Бөгенбай батыр көшесі, 151 мекенжайында орналасқан «Concordia» студенттік театрында өтеді.
Еске алу асы сол күні сағат 13:00-де Гагарин көшесі, 220а мекенжайындағы «Sadea» мейрамханасында беріледі.
Тәжиев Есентай Бөдесұлы – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты дәрігер-ұйымдастырушы, ҚазҰМУ омбудсмені, денсаулық сақтау саласының көрнекті ұйымдастырушысы, білікті хирург, беделді басшы.
Оның кәсіби жолы Алматы қаласы мен еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің дамуымен тығыз байланысты. Еңбек жолын 1963 жылы бастаған. 1974 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. Студент кезінен бастап қалалық №2 клиникалық ауруханада санитар, кейін медбрат болып еңбек етіп, алғашқы тәжірибесін жинақтаған. Оқуын аяқтағаннан кейін Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында интернатурадан өткен.
1975–1986 жылдары хирург дәрігер, бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 1986–1996 жылдары Алматы қалалық №1 клиникалық ауруханасын басқарған. 1996–2012 жылдары Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының бас дәрігері болған.
Әр жылдары Алматы дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтында проректор қызметін атқарып, медициналық білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан. Сонымен қатар, ҚазҰМУ жанындағы Бақылау кеңесінің мүшесі болған, соңғы жылдары университет омбудсмені қызметін атқарған.
Есентай Бөдесұлы практикалық медицина, басқару, ғылым және қоғамдық қызметті қатар алып жүрген тұлға. 1991 жылы кандидаттық, 1997 жылы докторлық диссертациясын қорғап, 2000 жылы профессор ғылыми атағына ие болған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылым депутаты болған, сондай-ақ ұзақ жылдар бойы Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде қызмет атқарып, әлеуметтік қорғау және қоғамдық келісім мәселелерімен айналысқан.
Көп жылғы еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болған. «Парасат», «Барыс» ордендерінің II және III дәрежелерімен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік және салалық марапаттармен марапатталған.
Есентай Бөдесұлы отандық денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлға ретінде ел жадында қалады.
Есентай Бөдесұлының өмірден озуы ҚазҰМУ ұжымы, медицина қауымдастығы үшін орны толмас ауыр қайғы.
Университет ұжымы туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне көңіл айтып, қайғыларына ортақтасады. Оның жарқын бейнесі әрдайым ел есінде сақталады.


