«Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталды
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті әлемнің жетекші ғылыми ұйымдарында қазақстандық ғалымдардың біліктілігін арттыруға бағытталған «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бойынша конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат қабылдаудың басталғанын хабарлайды.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 18 тамыздағы № 422 бұйрығымен бекітілген Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидалары аясында жүзеге асырылады.
Ғылыми тағылымдама Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындайтын ғылымды дамытудың басым бағыттарына сәйкес қалыптастырылатын ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының тізбесіне (1-қосымша) сәйкес жүзеге асырылады. Бағдарламаның ұзақтығы 3 айдан 12 айға дейінгі мерзімді қамтиды және ол 2026 жылға ғылыми тағылымдамадан өту үшін ұсынылатын жетекші шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми орталықтардың және өзге де ұйымдардың тізіміне енгізілген шетелдік ұйымдарда өткізіледі.
Бағдарлама ғылыми тағылымдамадан өту, ары-бері ұшу, медициналық сақтандыру, визалық алымдар, оқу материалдарын сатып алу шығындарын өтейді, сонымен қатар ай сайын стипендия төленеді.
2026 жылы Бағдарламаға қатысу үшін құжат қабылдау 16 наурыздан 30 қазанға дейін жүзеге асырылады.
Бағдарламаға қатысуға өтінім беру үшін үміткерлер мынадай талаптарға сай болуы тиіс:
– ғылыми дәрежесінің (ғылым докторы, ғылым кандидаты) және (немесе) академиялық дәрежесінің (PhD, бейіні бойынша доктор, магистр) болуы;
– аккредиттелген ғылыми ұйымдарда ғылыми зерттеудің таңдалған мамандану саласында соңғы 12 ай үздіксіз жұмыс өтілі;
– бекітілген тізімге кіретін шетелдік ұйымнан шартсыз шақырудың (қаржылық жағдайларды қоспағанда) болуы;
– белгіленген талаптарға сәйкес келетін деңгейде қазақ және шет тілдерін білу (2-қосымша);
– ғылыми нәтижелердің (Web of Science, Scopus халықаралық дерекқорларында индекстелетін мақалалар немесе шолулар немесе уәкілетті орган ұсынған отандық немесе шетелдік ғылыми басылымдарда кемінде 1 мақала) және (немесе) Derwent Innovations Index (Дервент жаңашылдық индексі) халықаралық өтінімі) болуы;
– Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 207-бабының талаптарын ескере отырып, ғылыми зерттеудің таңдалған бағыты бойынша ғылыми тағылымдамадан өтудің және кейіннен еңбекпен өтеудің жиынтық мерзімі.
Жоғарыда баяндалғанға байланысты, Бағдарламаға қатысуға мүдделі болған жағдайда, сондай-ақ неғұрлым сапалы іріктеу жүргізу үшін жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келетін қызметкерлердің тізімін ұсынуды сұраймыз (шетелдік ұйымнан шартсыз шақырудың болуын қоспағанда).
Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер туралы ақпаратты осы хатқа 3-қосымшаға сәйкес 2026 жылғы 4 мамыр сағат 18:00-ге дейін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ (бұдан әрі – Орталық) [email protected] электрондық поштасына жіберуді сұраймыз. Бұл ретте ұсынылатын мәліметтер белгіленген тәртіпке сәйкес рәсімделген, өзекті және дәйекті болуы тиіс.
2025 жылғы 18 тамыздан бастап ғылыми тағылымдамадан өтуге конкурсқа қатысу үшін өтінімдер bolashak.gov.kz сайтындағы «Қабылдау «Ғылыми тағылымдама» бөлімінде онлайн-форматта немесе Астана қ., Сығанақ к-сі, 70-үй, «Сығанақ» БО, 5-қабат, 508-кеңседе қағаз түрінде қабылданатынын мәлімдейміз.
Бағдарлама туралы қосымша ақпаратпен, қажетті құжаттар тізбесімен презентацияда (4-қосымша), сондай-ақ 2026 жылға арналған ғылыми тағылымдамадан өту үшін ұсынылған шетелдік жетекші ұйымдар мен ғылыми орталықтардың тізімімен Орталықтың ресми сайтында танысуға болады: https://bolashak.gov.kz/ru/pretendentu-po-ns.
Қосымша:
- Ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының тізбесі
- Ғылыми тағылымдамадан өтуге үміткерлер үшін қазақ және шет тілдерін білудің қажетті ең төменгі деңгейі
- Жоғарыда көрсетілген талаптарға (шетелдік ұйымнан шартсыз шақырудың болуын қоспағанда) сәйкес келетін қызметкерлер/үміткерлер туралы мәліметтерді толтыру кестесі
- Бағдарлама бойынша жалпы ақпаратқа қатысты презентация


