ҚазҰМУ-да Республика күніне орай салтанатты жиын өтті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. «Concordia» театрында бас қосқан профессор-оқытушылар құрамы, университет қызметкерлері мен студенттер ел тарихындағы айтулы мерекені бірге атап өтті.
Жиында университет ректоры Марат Шоранов құттықтау сөз сөйлеп, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызына тоқталды. Ол Қазақстанның осы уақыт аралығында жүріп өткен даму жолы, елдегі ауқымды өзгерістер мен денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер туралы айтты.
«Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы еліміздің тарихында жаңа кезеңге жол ашты. Содан бері Қазақстан өз мемлекеттілігін нығайтып, ұлттық экономикасын қалыптастырды, мәдениеті мен ғылым-білімін әлемге танытты. Бүгінде алдымызда қол жеткізген жетістіктерімізді нығайтып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту міндеті тұр. Соңғы жылдары мемлекет әлеуметтік салаға, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесіне қомақты қаржы бөліп келеді. Елімізде 1200-ден астам жаңа медициналық нысан ашылды, халықтың өмір сүру ұзақтығы едәуір артты. Дегенмен, қаншалықты заманауи аурухана салып, оны озық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етсек те, медицинадағы басты тұлға әрқашан білікті дәрігер болып қала береді», – деді Марат Шоранов.
Ректор өз сөзінде университет өкілдерінің елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуының маңызын да атап өтті. Осы орайда ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры Диляра Кайдарова мен Директорлар кеңесінің мүшесі, академик Вячеслав Локшиннің Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енгеніне тоқталды.
Салтанатты жиынның маңызды бөлігі марапаттау рәсіміне арналды. Денсаулық сақтау ісіне, медициналық білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі және көп жылғы адал еңбегі үшін университеттің бірқатар оқытушылары, дәрігерлері мен қызметкерлеріне салалық төсбелгілер, құрмет грамоталары және университет марапаттары табысталды.
Мерекелік жиын университеттің шығармашылық ұжымдары мен студенттері дайындаған «Туған жер – тал бесігім!» атты концерттік бағдарламамен аяқталды.



























































































