ҚазҰМУ-да саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде еске алу іс-шарасы өтті.
Жиынды Қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Мәлік Ғалым жүргізді. Ол саяси қуғын-сүргін кезеңінің тарихи маңызына тоқталып, бұл қасіретті оқиғалардың ұлт жадында сақталуы мен оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.
Университет проректоры Убайдулла Датхаев өз сөзінде халқымыз бастан өткерген қасіретті кезеңдерді ұмытпау, жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімін қастерлеу бүгінгі ұрпақ үшін маңызды екенін айтты.
Іс-шара аясында қатысушылар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дәрігер-ғалым Санжар Жапарұлы Асфендияровтың бюстіне гүл шоқтарын қойды. Жиналған қауым оның елдегі медицина ғылымы мен медициналық білімнің қалыптасуына сіңірген еңбегіне құрмет көрсетті.
Кездесу университет мұражайында жалғасып, қатысушылар тарихи жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін және ашаршылық тақырыбына арналған деректі фильм көрсетілді.
Кеш барысында ҚазҰМУ-дың «Дала сазы» студенттік ұлттық аспаптар ансамблінің жетекшісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің домбырашысы Мөлдір Қойысованың орындауында Бауыржан Ақтайдың «Алаш аманаты» және Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйлері шырқалды.














