ҚазҰМУ-да фармацевтикалық мамандықтар түлектеріне диплом табысталды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Фармация» және «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламаларының түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл «Фармация» бағдарламасын 79 түлек, «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» бағдарламасын 518 түлек аяқтады.
Биылғы түлектердің қатарында университет мерейін асқақтатқан жастар да бар. «Фармация» білім беру бағдарламасының 8 түлегі және «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» бағдарламасының 4 түлегі халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалардың, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауларының жеңімпазы мен жүлдегері атанды.
Фармация денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Бұл саланың мамандары дәрілік препараттардың ұтымды әрі қауіпсіз қолданылуын қамтамасыз етеді, халыққа фармацевтикалық көмек көрсетеді және дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің сапасына жауап береді.
«Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасының түлектері дәрілік заттарды әзірлеу, өндіру және олардың сапасын бақылау бағытында еңбек етеді. Олар өндірісте заманауи технологияларды енгізуге, қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік препараттар шығаруға қатысады.
Отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту еліміздің денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі саналады. Сондықтан университет түлектерінің білімі мен кәсіби даярлығы бұл саланың дамуына өз үлесін қосады.
Қазіргі таңда медицинамен қатар фармацевтика ғылымы мен өндірістік технологиялар да қарқынды дамып келеді. Сондықтан кәсіби қызметте заман талабына сай білімді үнемі толықтырып, жаңа технологияларды меңгеру және біліктілікті тұрақты жетілдіру маңызды.














































































