ҚазҰМУ қызметкерлерінің балаларына арналған дәстүрлі «Тілашар» мерекесі өтті
Бүгін С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде қызметкерлердің биыл бірінші сыныпқа баратын балаларына арналған дәстүрлі «Тілашар» мерекесі өтті. Іс-шараны ҚазҰМУ Кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды.
Биыл университет қызметкерлерінің 84 баласы мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отыр. Олардың 44-і ұл, 40-ы қыз.
Әрбір бірінші сынып оқушысына мектеп формасын сатып алуға 30 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіліп, қажетті оқу құралдары салынған мектеп сөмкелері табысталды.
ҚазҰМУ проректоры Убайдулла Датхаев балалар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, мерекенің университет үшін маңызына тоқталды.
– «Тілашар» мерекесін өткізу университетіміздің игі дәстүріне айналды. Қызметкерлеріміздің отбасыларына қолдау көрсетіп, балалардың білім жолындағы алғашқы қадамының қуанышын бірге бөлісу біз үшін өте маңызды, – деді проректор.
Мереке соңында балалар естелік суретке түсіп, оларға алдағы оқу жылында сәттілік пен оқуда табыс тіленді.















































































