Алматыда деменциясы бар адамдарды ерте диагностикалау және қолдау мәселелері талқыланды
2026 жылғы 23 қыркүйекте Алматы қаласының №1 қалалық клиникалық ауруханасында Альцгеймер ауруы және деменция туралы хабардарлық айлығы аясында пәнаралық ақпараттық-ағартушылық іс-шара өтті.
Кездесуге неврологтар, психиатрлар, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер, оңалту мамандары, лингвистер, МСАК өкілдері, ғылыми қоғамдастық мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және деменциясы бар адамдардың туыстары қатысты.
Іс-шараны С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасы №1 қалалық клиникалық аурухананың, №7 қалалық клиникалық аурухананың, Альцгеймер ауруы және деменция жөніндегі Қазақстан альянсының (KA&DA), ҚР неврологтар қауымдастығының және Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.
Ерте анықтаудан — кешенді көмекке
Іс-шараны Алматы қаласы №1 қалалық клиникалық ауруханасы директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының магистрі Сұлтан Жанбырбаев ашты.
Құттықтау сөз сөйлегендер: Сауле Тұруспекова, медицина ғылымдарының докторы, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі, ҚР ДСМ штаттан тыс бас неврологы және Chris Lynch, Acting CEO and Director of Policy, Research, Communications & Publications, Alzheimer’s Disease International (ADI).
Ғылыми-білім беру бағдарламасы аясында мамандар когнитивтік бұзылыстардың ерте белгілерін, деменцияны диагностикалау және емдеу мәселелерін, мінез-құлықтық және психологиялық симптомдарды, пациенттің медициналық маршрутын, отбасыларды қолдау және күтім көрсетудің заманауи тәсілдерін талқылады.
Нұрмұхамед Мамашаев, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының ассистенті, №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігер-неврологы, деменцияны ерте анықтау және когнитивтік бұзылыстардың алғашқы белгілері туралы баяндама жасады.
Деменция кезіндегі мінез-құлықтық және психологиялық симптомдар, соның ішінде мазасыздық, апатия, ұйқының бұзылыстары және психоздық симптомдар туралы С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты Эльмира Атантаева айтып берді.
Радмила Цой, MPH, PhD, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының қауымдастырылған профессоры, №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігер-неврологы және KA&DA өкілі, деменциясы бар адамдарды емдеу және медициналық көмекті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін, оның ішінде дәрі-дәрмексіз әдістер мен отбасын қолдау мәселелерін таныстырды.
Диагностикадағы тіл және мәдениет
Қазақстанның тілдік және мәдени ортасына нейропсихологиялық құралдарды бейімдеу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Мадина Абаева, филология ғылымдарының кандидаты, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының психолингвистика бөлімінің меңгерушісі және Әлия Назарова, гуманитарлық ғылымдар магистрі, психолингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері, халықаралық нейропсихологиялық тестілерді қазақ тіліне лингвистикалық бейімдеу мәселелерін таныстырды.
Психиатриялық, әлеуметтік және құқықтық қолдау
Людмила Беспалова, медицина ғылымдарының кандидаты, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ психиатрия және наркология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, деменциясы бар пациенттерді жүргізудегі психиатрдың рөлі, әрекет қабілеттілігі және пациенттің құқықтарын қорғау мәселелері туралы баяндады.
Маржан Асанова, №5 қалалық емхананың жоғары санатты дәрігер-неврологы, Қазақстандағы деменциясы бар пациенттің медициналық маршрутын — алғашқы жүгінуден және диагностикалаудан бастап емдеу, оңалту және әлеуметтік қолдауға дейінгі кезеңдерді таныстырды.
Туыстар мен күтім көрсететін адамдарға психологиялық қолдау көрсету мәселелерін Қазақстан-Ресей медициналық университетінің психиатрия және наркология кафедрасының аға оқытушылары Алия Смағұлова мен Ғалия Қадржанова талқылады.
Лидия Богатырева, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ медициналық құқық кафедрасының меңгерушісі, талап-арыз жұмысы басқармасының заңгері, әкімшілік құқық және әкімшілік процесс бойынша докторы, деменциясы бар адамдардың жеке және мүліктік құқықтарын қорғаудың құқықтық аспектілері, қаржылық қауіпсіздік және алаяқтықтың алдын алу мәселелерін таныстырды.
Дәрі-дәрмексіз әдістер және цифрлық технологиялар
Когнитивтік бұзылыстар кезінде Dual-Tasking әдісін қолданудың практикалық тәжірибесін, сондай-ақ әлеуметтік бейімделу және белсенділікті сақтау мүмкіндіктерін Ақерке Амангелді, «Jasaru» белсенді ұзақ өмір сүру орталығының негізін қалаушысы және жетекшісі таныстырды.
Dementia care саласын цифрландыру, телемедицина, когнитивтік мониторинг және жасанды интеллект перспективалары туралы С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының 2-курс резиденті, RubaroMusicTech инновациялық жобасының өкілі Динара Нұрланқызы баяндады.
Халықаралық ынтымақтастық
Іс-шараның маңызды бөлігі Alzheimer’s Disease International (ADI) ұйымының қатысуы болды. Chris Lynch-тің баяндамасы деменцияны ерте анықтау, профилактика және деменциясы бар адамдар мен олардың отбасыларына кешенді қолдау көрсету мәселелеріндегі халықаралық кәсіби ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
«Деменция: Қазақстанда нені өзгерте аламыз?»
Бағдарламаның негізгі бөлігін «Деменция: Қазақстанда нені өзгерте аламыз?» атты панельдік пікірталас құрады. Қатысушылар когнитивтік бұзылыстарды ерте анықтауды дамыту, пациенттерді медициналық бағыттау, медициналық және әлеуметтік көмектің қолжетімділігі, отбасылар мен күтім көрсететін адамдарды қолдау, сондай-ақ пәнаралық көмек моделін одан әрі дамыту қажеттілігін талқылады.
Іс-шара соңында KA&DA Қазақстанда деменциясы бар адамдарға көрсетілетін көмекті дамыту бойынша «5 ұсынысын» таныстырды. Ұсыныстар ерте анықтауға, пациенттерді медициналық бағыттауға, медициналық және әлеуметтік көмек көрсетуге, отбасыларды қолдауға және dementia care жүйесін кешенді дамытуға арналды.
«Деменция тек пациентке қатысты мәселе емес. Ол бүкіл отбасына әсер етеді және дәрігерлердің, психологтардың, әлеуметтік қызметкерлердің, заңгерлердің, оңалту мамандарының және қоғамның өзара іс-қимылын талап етеді. Біздің міндетіміз — адам мен оның отбасы аурумен жалғыз қалмауын қамтамасыз ету», — деп атап өтті Радмила Цой, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қауымдастырылған профессоры, дәрігер-невролог және KA&DA өкілі.
Іс-шара әртүрлі бағыттағы мамандардың кәсіби диалог құрып, күш-жігерін біріктіруіне арналған алаң болды. Қатысушылар когнитивтік бұзылыстарды ерте анықтауды одан әрі дамыту, пациент үшін түсінікті медициналық маршрут қалыптастыру, медициналық және әлеуметтік көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және отбасыларға жүйелі қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасы серіктестерімен және KA&DA-мен бірлесіп, Альцгеймер ауруы және деменцияның басқа да түрлері туралы хабардарлықты арттыру, отбасыларды қолдау және Қазақстанда деменциясы бар адамдарға көрсетілетін заманауи көмек жүйесін дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырады.












