Ұлт абыройы үшін: академик Шарманов Ахмет Байтұрсынов Орденімен марапатталды
Бүгін ҚазҰМУ-дың Университеттік кеңесінің кезекті отырысында ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанұлы академик Төрегелді Шармановты еліміздің білім және ғылым жүйесінің дамуына қосқан айрықша үлесі және жоғары білікті мамандарды дайындаудағы ерен еңбегі үшін Ахмет Байтұрсынұлы орденімен марапаттады.
«Біз Ахмет Байтұрсынов Орденін еліміздің білім беру жүйесі мен ғылымды дамытуда үлес қосып келе жатқан, жастарға үлгі болып табылатын тұлғалардың еңбегін бағалау мақсатында бекіткен болатынбыз. Академик Төрегелді Шарманов – қазіргі уақыттың қаһарманы. Оның белсенді қоғамдық ұстанымы, азаматтық ерлігі, еліміздің денсаулық сақтау саласын көркейтудегі атқарған ерен еңбегі елге деген қызметтің нағыз үлгісі. Біздер еліміздің мақтанышы, республикамыздың денсаулық сақтау жүйесінің негізін қалаушы, осындай нағыз дәрігер келбетін өскелең ұрпаққа үлгі еткіміз келеді», – деп Рахман Алшанов сөзінде айтып өтті.
ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин атап өткендей: «Ахмет Байтұрсынов Ордені – бұл Төрегелді Шармановтың халық алдында сіңірген еңбегін тағы бір мойындау болып табылады»
Академик Шармановтың айтуынша, «Ахмет Байтұрсынов Орденін иелену – үлкен абырой, өйткені ол ағартушылық жолында бар саналы ғұмырын арнаған еді. Бүгінгі таңдағы білім беру саласындағы жетістіктер оның да зор үлесі. Мен бар ғұмырымда Ұлы даланың, қазақ халқының ар-намысы мен даңқы үшін еңбек етіп келемін және де қызметімді әрі қарай үзіксіз жалғастырамын», – деді академик Шарманов.
ҚазҰМУ-дың Баспасөз қызметі