Биохимия кафедрасының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты мерекелік іс-шара өткізілді
Тәуелсіздік – халқымыздың басына қонған бақ. Бұл күн – байтақ еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн! Баршаңызды Ғасырлар бойы ата-бабамыздың аңсап кеткен, біздің қолымыз жеткен Ұлы мерекеміз — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз!
2022 жылдың 15 желтоқсанында биохимия кафедрасының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Аталған іс шараға Жалпы медицина-1 мектебі, Педиатрия және Фармацевтикалық өндірістік технология мамандығының студенттері және кафедра оқытушылары қатысты. Іс-шараның басты мақсаты студенттеріміздің патриоттық сезімін оятып, осы тарихи күннің маңызын жеткізу болып табылады.
Мерекелік іс шара барысында студенттердің орындауында презентациялық баяндамалар, патриоттық өлеңдер оқылды, сондай-ақ туған жер, Отан тақырыптарында ән-жырлар шырқалды.
Алтайдан Алатауға дейін ұлан – ғайыр жерді мекен еткен ата – бабаларымыз тәуелсіздікті арман еткен. Осынау кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың аманатын орындау үшін талай боздақтар жанкештілікке барды. Осы орайда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын еске ала отырып, ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген Қайрат Рысқұлбеков сынды батырлар жайлы қойылым көрсетілді. Бой сергіту мақсатында студенттермен оқытушылар арасында тесттік – викториналық сұрақтар ойнатылды.