Жаңа Конституция және денсаулық сақтау: жоғары деңгейде қандай кепілдіктер бекітіледі
Алматы қаласында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің алаңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен ашық кездесу өтті. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы және онда мемлекет, қоғам мен әлеуметтік саясаттан бастап адами капиталды дамытуға дейінгі негізгі салалар бойынша бекітілетін өзгерістер талқыланды.
Кездесуде ерекше назар аударылған тұстардың бірі – референдумның маңызына қатысты нақты тұжырым болды.
«Бұл референдум – кезекті саяси науқан емес, еліміздің болашағын айқындайтын басты құқықтық кепіл», – деді Аида Балаева. Оның айтуынша, Конституция жобасының мәні ұрандарда емес, адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітуде. Сондай-ақ құжатта ел бірлігі мен қоғамдық келісім, егемендік пен аумақтық тұтастық сияқты іргелі қағидаттар нақты айқындалады.
Кездесуде құжаттың әлеуметтік бағытына да ерекше назар аударылды. ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов өз сөзінде жаңа Конституция жобасының преамбуласында және 1-бабында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені нақты көрсетілгенін атап өтті. Бұл азаматтардың медициналық көмек алу құқығы сақталып, мемлекет тарапынан кепілдендірілетінін білдіреді. ҚазҰМУ ректоры «тегін» ұғымының құқықтық мазмұнына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл азаматтардың заңда белгіленген тәртіппен медициналық көмекті ақы төлемей алуына мемлекет кепілдік береді дегенді білдіреді. Сонымен қатар жобаның 32-бабында әр азаматтың денсаулығын қорғауға және медициналық көмек алуға құқығы бекітілетіні атап өтілді. Бұл әлеуметтік кепілдіктерді күшейтіп, денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басымдығын айқындайды.
Кездесу барысында ғылымды, білімді, инновацияларды және адами капиталды дамыту мәселелері де көтерілді. Марат Шоранов аталған бағыттардың алғаш рет Конституциялық деңгейде нақты әрі айқын бекітіліп отырғанын айтты. Оның пікірінше, бұл мамандар даярлауға, ғылыми-клиникалық зерттеулерді дамытуға және медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға берік негіз қалайды.
Қатысушылар құқықтық негіздің айқындығы мен тұрақтылығы ұзақ мерзімді жобаларды жоспарлауға, ғылыми мектептерді дамытуға, кадр даярлау сапасын арттыруға және елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесуде Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы директорлар кеңесінің төрайымы Зауреш Аманжолова, ҚазҰМУ-дың дипломнан кейінгі білім беру факультетінің деканы Абылай Баймаханов, ҚазҰМУ-дың гистология кафедрасының меңгерушісі Марал Ерғазина, ҚазҰМУ-дың офтальмология кафедрасының меңгерушісі Марат Сүлейменов, сондай-ақ ҚазҰМУ Профессорлық клиникасының бас дәрігерінің орынбасары Солтанай Жәнібек сөз сөйледі.
Кездесу ашық диалог алаңына айналды. Конституциялық өзгерістер абстрактілі түрде емес, азаматтар үшін күнделікті маңызды мәселелер – медициналық көмектің қолжетімділігі мен кепілдіктері, ғылым мен білімді дамыту, институттардың тұрақтылығы және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік тұрғысынан талқыланды.































