ҚазҰМУ-да конституциялық реформалар талқыланды: Ұлт денсаулығы – мемлекеттің басым бағыты
2026 жылғы 13 ақпанда Алматы қаласында, Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева медициналық қауымдастық өкілдерімен кездесті. Кездесу «Concordia» театрында өтіп, онда жаңа Конституция жобасының нормаларын жан-жақты түсіндіру және оның ел дамуының ұзақ мерзімді бағытын айқындаудағы рөлі талқыланды.
Жиын барысында вице-премьер ауқымды саяси жаңғыртуларға тоқталып, Мемлекет басшысының Әділеттілік, Заң және тәртіп қағидаттарына негізделген бастамалары ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын атап өтті.
– Жаңа Конституция жобасының басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру және елдің орнықты дамуына берік негіз қалыптастыру, – деді Аида Балаева. – Жаңа преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің жоғары басымдығы ретінде нақты айқындалып отыр.
Сондай-ақ ол 15 наурызда өтетін республикалық референдумның тарихи маңызын атап өтіп, бұл таңдау тек бүгінгі буын үшін ғана емес, келер ұрпақ үшін де жауапты шешім екенін жеткізді. Конституциялық комиссия алты ай бойы ашық форматта жұмыс жүргізіп, азаматтардан түскен мыңдаған ұсынысты қарастырған. Нәтижесінде елдің бірлігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілген.
– Республикалық референдум – формалды рәсім емес, азаматтардың еркі арқылы маңызды шешімдерді бекітетін тікелей демократиялық тетік, – деп атап өтті вице-премьер. – Жаңа Конституция жобасы бір реттік науқанның нәтижесі емес. Оның бастауында Президенттің саяси жүйені кешенді жаңғырту аясында бір палаталы Парламент қалыптастыру жөніндегі бастамасы тұрды. Кейін жұмыс тобы құрылып, талқылауға құқықтанушылар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ белсенді азаматтар қатысып, өз ұсыныстарын енгізді. Ауқымды әрі жүйелі жұмыс атқарылды.
Жаңа Конституция жобасында «денсаулық» ұғымының қолданыстағы редакциямен салыстырғанда екі есе жиі кездесуі мемлекет саясатының адамға бағдарланған сипатын айғақтайды. Бұл – азаматтардың медициналық көмек алу құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік міндеттемелердің күшейтілгенінің нақты көрсеткіші.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов өз сөзінде Қазақстанның әлеуметтік мемлекет мәртебесі сақталатынын, демек азаматтардың іргелі құқықтары, оның ішінде медициналық көмекке қол жеткізу құқығы толық көлемде қорғалатынын атап өтті. Ол университет ұжымы мен азаматтардың ұсыныстар енгізу үдерісіне белсенді қатысуы аталған реформалардың өзектілігі мен легитимдігін дәлелдейтінін айтты.
– Медицина саласында формализмге жол берілмейді, себебі қабылданған шешімдердің құны адам өмірімен өлшенеді, – деді ректор. – Жаңа жоба мемлекет пен институттардың азаматтар алдындағы жауапкершілік негіздерін нығайтады. Конституция жобасының 32-бабында әр азаматтың денсаулығын сақтауға және медициналық көмек алуға құқығы бекітілуі әлеуметтік кепілдіктерді күшейтіп, денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басымдығын айқындайды.
Кездесу барысында халықаралық тәжірибеге де назар аударылды. Мәселен, Америка Құрама Штаттары Конституциясына 27 түзету енгізілген. Францияның 1958 жылғы Конституциясына 20-дан астам өзгеріс жасалған, ал Германия Негізгі заңына 60-тан астам түзету енгізілген.
– Бұл деректер конституциялық реформалардың уақыт талабына сай жүзеге асырылатынын көрсетеді, – деді ректор. – Демек, еліміз таңдаған бағыт – тарихи тұрғыдан негізделген әрі заңды үрдіс.
Кездесу қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасы «Әділетті Қазақстан» қағидаттарының берік құқықтық іргетасына айналатынына сенім білдірді. Жаңартылған редакцияда «Адам. Денсаулық. Болашақ» қағидаты айқын көрініс тапқан. Бүгінгі міндет – осы ұстанымдарды нақты іске асыру арқылы егемен еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету.


