«Клиникалық неврология: диагностика мен емдеудегі инновациялар»
2025 жылдың 23–24 қазанында Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті және Батыс Қазақстан неврологтар қауымдастығы ұйымдастырған «Клиникалық неврология: диагностика мен емдеудегі инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға Қазақстан, Ресей, Польша және басқа да елдердің жетекші мамандары қатысты. Ғылыми бағдарламада неврологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алудың заманауи аспектілеріне арналған пленарлық және секциялық отырыстар қамтылды.
С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің атынан PhD докторы, жүйке аурулары кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доценті) Альмаханова К.К. қатысты. Конференция аясында Альмаханова К.К. клиникалық неврологияның өзекті мәселелеріне арналған баяндамалар жасап, оның ішінде неврологиядағы ауырсыну синдромдары мен орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялаушы аурулары тақырыптарын қозғап, ғылыми және тәжірибелік тәжірибе алмасу мақсатында клиникалық жағдайларды ұсынды.
Баяндамалар қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, кәсіби талқылау нысанына айналды. Ұсынылған материалдардың жоғары ғылыми деңгейі мен олардың Қазақстан Республикасындағы неврологиялық қызмет үшін практикалық маңыздылығы атап өтілді.
С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ өкілінің халықаралық конференцияға қатысуы университеттің жоғары ғылыми әлеуетін және отандық әрі әлемдік неврологияның дамуына белсенді үлесін айғақтайды.






