Медициналық жоғары оқу орнында оқытудың инновациялық әдіснамалары, әдістемелері мен технологиялары
2026 жылғы 19 – 23 қазан аралығында штаттағы 40 оқытушыға арналған «Медициналық жоғары оқу орнында оқытудың инновациялық әдіснамалары, әдістемелері мен технологиялары» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы басталды.
Курс білім алушыларды оқу үдерісіне белсенді тартуға, олардың сыни ойлау қабілеті мен практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған заманауи тәсілдерге арналған. Аталған тәсілдер дәстүрлі дәрістер мен семинарлар шеңберінен шығып, онлайн оқыту, кейс-әдіс, геймификация, жобалық оқыту, аралас (blended) және төңкерілген оқыту, виртуалды және толықтырылған шындық (VR/AR) технологияларын, сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдануды қамтиды. Курс білім беру тиімділігін арттыруға, студенттердің дербестігін дамытуға, оларды қарқынды өзгеріп жатқан әлемге және денсаулық сақтау жүйесінің талаптарына сай даярлауға бағытталған.
Курс тыңдаушыларына жоғары білім беруді дамытудың әлемдік үрдістері, жоғары білім беру жүйесіндегі инновациялық үдерістердің әдіснамасы, білім беру экожүйесі және білім алушылардың интерактивті әрі икемді білім беру бағдарламаларына деген қажеттіліктеріне жауап беретін білім беру кеңістігіндегі инновациялық әдістер таныстырылады.
Біліктілікті арттыру курсын медицина ғылымдарының кандидаты, «Медицина» мамандығы бойынша доцент, Практикалық дағдылар орталығының директоры Кемелова Гүлшат Сейтмұратқызы жүргізеді.
Практикалық тапсырмаларды орындаған тыңдаушыларға сертификаттар беріледі.






