Мұстафина Жанар Ғабиденқызын еске алу
Ертең 21 желтоқсан күні сағат 11.00-де Қазақ ұлттық медицина университетінің Мұражайында Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген офтальмолог дәрігер, еліміздің медицина ғылымы мен денсаулық сақтау саласының дамуына, сондай-ақ ҚазҰМУ-дың тәрбие жұмысының қалыптасуына зор үлес қосқан белгілі ғалым – Мұстафина Жанар Ғабиденқызын еске алуға арналған іс-шара өтеді.
Осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның денсаулық сақтау саласы орны толмас қасіретке ұшырады. Есімі алтын әріппен жазылған аңыз тұлға, дәрігер, профессор Мұстафина Жанар Ғабиденқызы өмірден озды. Жанар Ғабиденқызының көп қырлы жұмысының игі жемісі дәрігерді бүкіл республикада және одан тыс жерлерде лайықты абыроймен мен құрметке бөледі.
Жанар Ғабиденқызы өмірінің соңғы жылдарында қажымас энергиясын дәрігерлердің болашақ ұрпағын тәрбиелеуге бағыттады.
Жанар Ғабиденқызы 1936 жылы РКФСР, Новосибирск қаласында дүниеге келген. Ол атақты қазақ және кеңес жазушысы Ғабиден Мұстафиннің қызы. 1960 жылы В. Молотов атындағы Алматы медицина институтын тәмамдаған. 1960 жылдан бастап Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында кіші, одан кейін аға ғылыми қызметкер, директордың ғылым жөніндегі орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. Самарқанд қаласында кандидаттық диссертациясын қорғады. 1987-2001 жылдары аралығында Көз аурулары ҒЗИ директоры және Алматы мемлекеттік медицина институтының көз аурулары кафедрасының меңгерушісі болып еңбек етті. ТМД-дағы алғашқы «Офтальмология» оқу-әдістемелік, ғылыми-өндірістік бірлестігінің басшысы болды. 2003 жылдан бастап С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Жанар Ғабиденқызы Қазақстан республикасынан тыс жерлерде танымал қазақстандық офтальмология мектебінің негізін қалаушылардың бірі болды. Мұстафина Жанар Ғабиденқызы көзі тірісінде елімізбен мен одан тыс жерлерде абыройы мен құрметі асқан жан. Оның ерен еңбегі «Парасат», «Құрмет белгісі», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» ордендерімен және тағы басқа марапаттармен марапатталды. «Ұлттық медицина қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары наградасы «Алтын Дәрігер» төсбелгісінің иегері, «Ave Vitae» орденінің иегері. Ол 300-ден астам ғылыми мақалалардың, оның ішінде алты монографияның, әдістемелік нұсқаулықтардың, оқу құралдарының, сөздіктердің, 50-ден астам өнертабыстардың және ҚР мен РФ патенттерінің авторы болды.