Урология саласындағы өзекті мәселелер қаралды
Денсаулық – табиғаттың бізге берген ең қымбат сыйы.
2025 жылы ақпанның 6-шы жұлдызында Жетісу облысының Панфилов ауданының орталығы, тарихы мол Жаркент қаласында КЕАҚ «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің» урология кафедрасының ұйымдастыруымен Панфилов көпсалалы ауруханасы ұжымының демеуімен мен Карл Шторц компаниясының ат салысуымен «Урология саласындағы өзекті мәселелер» атты тақырыпта Панфилов ауданының ақ халатты абзал маман иелеріне бағытталған ғылыми-практикалық конференция өтті.
Аталмыш конференцияның КЕАҚ «С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің» ұстазы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Медицина ғылымының докторы, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау министрлігінің бас урологы, Урология кафедрасының меңгерушісі М.К. Алшынбаевтың 70 жылдық меретойы қарсаңындағы атқарылған кафедралық іс шара екенін атап өткен орынды.
Шалғай ауданда өткен конференцияны жоғары санаттағы практикалық уролог-андролог дәрігер, медицина ғылымының кандидаты, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің урология кафедрасының қауымдастырылған профессоры А. Ж. Сұраншиев (Өзі 1994-1998 жж. Панфилов аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде істеген және 1998-2020 жж. Б. О. Жарбосынов атындағы Урология Ғылыми Орталығында еңбек етіп, маман болып қалыптасқан) ашып, жүргізіп отырды.
Конференция жұмысына Қазақ ұлттық медицина университетінің урология кафедрасының профессоры, жоғары санаттағы дәрігер уролог андролог Д. И. Сеңгірбаев, урология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, жоғары санаттағы дәрігер уролог андролог А. Д. Нысанбаев, кафедра ассистенттері Каимбаев А. И., Испосунова Г. А. және аудандағы дәрігерлер, БАҚ өкілдері қатысты.
Алғашқы сөз кезегін аудан әкімі сөз алып, ауданымызда медицина саласы кең көлемде дамып жатқандығын тілге тиек етіп, конференцияда қозғалып отырған тақырып бүгінде өзекті екендігін айтты. Бүгінгі таңдағы ер азаматтар денсаулығы жәйлі, отадан кейінгі реабилитация сұрақтары жәйлі тағылымдар айтылды. Ғылыми-практикалық конференция аясында эндоурология бойынша мастер класс өтті. Сұраншиев А. Ж. конференция барысында осы өткізіліп отырған іс-шара, университеттің академиялық ортасын және ғылыми оқутушылық әдістеме нұсқаларын шалғай аудандардағы дәрігерлер қауымына жақындату басты ой-ниеті болып табылатынын айтты.
Уролог дәрігер, медицина ғылымының кандидаты «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Мемлекеттік медицина университетінің» урология кафедрасының профессоры Д.И. Сеңгірбаев «Гиперактивті қуық» атты тақырыпта баяндамасын оқыды.
Ал жоғары дәрежелі дәрігер-уролог, андролог «С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің» урология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Абдолла Нисанбаев «Ер азаматтар денсаулығының өзекті мәселелері» атты баяндамасын оқып өтті.
Келген делегаттар аудандық аурухана ұжымына, аудан әкімшілігіне және де урология кафедрасының ұжымына алғыстарын жеткізді. Конференция аудан дәрігерлерінің біліктілігін арттыруға үлес қосар, жалғасын табар, мәнді де мағыналы басқосу болды.




