Халықаралық академиялық ынтымақтастық: Германия профессоры ҚазҰМУ-да
2026 жылғы 19 қазанда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің гематология курсы бар ішкі аурулар кафедрасының шақыруымен академиялық визитинг бағдарламасы аясындағы жұмысын MD, PhD, DIC, FESC, FHFA, FGCS ғылыми дәрежелері мен кәсіби атақтарының иегері, профессор Wolfram Döhner бастады.
Визиттің ашылу салтанатында ШОМ деканы С.Х. Измайлова құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік пен табыс тіледі.
Дәрістердің негізгі тақырыбы қазіргі медицинаның өзекті мәселелерінің бірі — ми мен жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының өзара байланысы, яғни «ми — жүрек» осі (Brain–Heart Axis) тұжырымдамасы болды.
Профессор жүрек-қантамыр патологиясы аясындағы инсульттің патофизиологиялық механизмдерін, клиникалық көріністерін, диагностикасы мен емдеуін түсіндіруге бағытталған заманауи ғылыми тәсілдерді таныстырды.
Дәрістер Н.Л. Котова атындағы дәріс залында, ал екінші күні ҚазҰМУ-дың Даңқ залында өтті.
Білім беру іс-шараларына кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы, терапия, неврология, эндокринология және басқа да мамандықтар бойынша резиденттер белсенді қатысты.
Қатысушылардың сұрақтары, мазмұнды ғылыми пікірталастар мен күрделі клиникалық жағдайларды талқылау ерекше қызығушылық тудырды. Бұл халықаралық ғылыми тәжірибені күнделікті клиникалық практикамен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Академиялық визитинг бағдарламасы жалғасуда!
«Артериялық, жүрекішілік және веналық тромбоздар» атты V Халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында профессор Wolfram Döhner тромбоздың заманауи мәселелеріне, оның диагностикасына, профилактикасы мен еміне арналған дәрістер циклін жалғастыруда.
Шетелдік сарапшының дәрістері тұрақты түрде жоғары қызығушылық тудырып, әртүрлі мамандықтағы практикалық дәрігерлерді, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамын, резиденттер мен студенттерді кеңінен жинауда.
Халықаралық академиялық ынтымақтастық — озық ғылыми жетістіктерді Қазақстандағы медициналық білім беру мен клиникалық практикаға интеграциялаудағы маңызды қадам!
ҚазҰМУ-дың гематология курсы бар ішкі аурулар кафедрасы халықаралық ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуды жалғастырып, кәсіби диалогқа, тәжірибе алмасуға және заманауи медициналық білімді енгізуге арналған тиімді алаң қалыптастыруда.

















