ҚАЗАҚСТАНДА БҮЙРЕК АУРУЫ ДЕНДЕП БАРАДЫ
Қазақстанда созылмалы бүйрек ауруына шалдыққандардың саны артып барады, деп хабарлайды 24KZ. Егер сырқатты ерте кезеңде анықтап, емделсе, диализге жеткізбеуге болады, – дейді дәрігерлер. Алматыда өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда білікті нефрологтар өзекті мәселелерді талқылап, емдеудің жаңа әдістерімен бөлісті. Мамандардың айтуынша, ауру жылдан жылға жасарып барады. Бұған бірқатар фактор әсер етеді, соның ішінде газдалған сусындарды, анальгетиктерді, диеталық қоспаларды пайдалану себеп болып отыр. Қазір 8 мыңнан астам адам гемодиализге тәуелді. Сондықтан профилактикалық шаралар аурудың алдын алуға көмектеседі, – дейді мамандар. Бүгінде бүйрек сырқатын емдеуде қолданылатын жаңа препараттар қолданысқа енгізілді. Абай Шепетов, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ кафедра меңгерушісі: – Бүйрек ауруларының алғашқы сатыларында анықтап, сол кісілерге нефропротекциялық ем жүргізіп, сол процесті тоқтатуымыз керек. Ол үшін бүгінгі күнде терапиялық жаңа стратегиялық емдер қолданылып жатыр. Ондай дәрі-дәрмектер шығып жатыр бүгінгі күнде. Соларды қолдансақ, біз жаңағы науқастарды диализге жеткізбеуге мүмкіндігіміз бар.
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/densaulyk/item/642728-aza-standa-b-jrek-auruy-dendep-barady
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс