Қазақстанда әр оныншы адамнан созылмалы бүйрек ауруы анықталады — сарапшылар
Созылмалы бүйрек ауруы (СБА) — түрлі бүйрек ауруын біріктіретін жиынтық түсінік. ДДСҰ мәліметінше, әлемде 840 миллион адам СБА-дан зардап шегеді. Ал Қазақстанда әрбір оныншы адамда осы кесел кездеседі. Алайда тек жеті адамның біреуіне СБА диагнозы қойылады.
11 сәуірде Алматыда нефрология, эндокринология мен терапия саласының жетекші мамандары бас қосқан баспасөз конференциясы өтті. Дәрігерлер СБА статистикасын ұсынып, жұртшылықты бүйрек ауруларына бей-жай қарамауға шақырды.
Сарапшылардың айтуынша, созылмалы бүйрек аурулары симптомсыз дами беретіндіктен, кесел де тым кеш анықталады. Көп жағдайда адамдар гемодиализ, аптасына кемі үш рет 4-5 сағаттық қан тазарту процедурасы немесе бүйрек трансплантациясы қажет болған кезде кәсіби көмекке жүгінеді. Мәселені бұған жеткізбеу үшін дәрігерлер СБА-ны ерте диагностикалау маңызды екенін айтады.