Қазақстандықтар бұлшықетті өсіруге арналған фитнес препараттарды шамадан тыс қолданғаннан кейін гемодиализге түседі – нефролог
«Қазақстан диализ қоғамы» АҚ бастамасымен 2023 жылдың 27-28 қазанында жаңа фотматта «Дәрігер және пациент. Тиімді диалог. Бүйректің жанама терапиясы» халықараралық симпозиумы ұйымдастырылды. Клиникалық жағдайларды офлайн және онлайн түрде талдау үшін әрқайсысы 10-12 адамнан құралатын 6 үстел, яғни терапияны жақсартуға қатысты 6 тақырып – нефрологиялық күрделі жағдайларда, гемодиализ, перитонеальді диализ, сондай-ақ медбикелерге арналған үстел ұйымдастырылды.
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нефрология кафедрасының бірінші және екінші курс нефрология резиденттері «Дәрігер және пациент. Тиімді диалог. Бүйректің жанама терапиясы» халықараралық симпозиумына қатысты.
Симпозиумға Ресейден (Санкт-Петербург) және Беларусьтен (Минск) келген спикерлермен бірге нефрология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы А.М. Шепетов «Диализге қолжетімділік. Ұзақ мерзімділік және функционалдылық» атты баяндама жасады.
Бұл мүмкіндікті пайдалана отырып, ҚазҰМУ-дың кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор А.Шепетовтен қандай өнімдердің бүйрек денсаулығына кері әсері көбірек сұраған едік. Маман соңғы кездері бұлшықеттерді өсіруге арналған тағамдық қоспаларды шамадан тыс тұтынудан кейін бүйректің ауыр патологиясы бар науқастар көбейгенін атап өтті.
Дәрігердің айтуынша, мұндай тағамдық қоспалар мен дәрі-дәрмектер көбінесе мамандардың тиісті бақылауынсыз қолданылады және олар алдымен бүйрекке кері әсер етеді!
Жағдайдың ауырлығы сонша, асқынулары бар науқастар гемодиализ бағдарламасын («жасанды бүйрек» аппаратының көмегімен қанды улы заттардан және артық судан тазарту процедурасы) бастауға мәжбүр болады.
«Энергетикалық сусындар, диеталық қоспалар және фитнес клубтарында танымал заттар бар. Бұл тағамдар мен қоспаларды шамадан тыс тұтыну бүйректің жедел зақымдалуы сияқты өте ауыр зардаптарға әкеледі, кейін созылмалы бүйрек ауруына айналады.
Бізде энергетикалық сусындарды, диеталық қоспаларды және фитнес-қоспаларды тұтынғаннан кейін гемодиализге түскен науқастар аз емес. Мұндай препараттармен өте сақ болу керек! Қабылдамас бұрын мамандармен кеңесу абзал», – деп атап өтті Абай Шепетов.
Бүгінгі таңда Қазақстанда созылмалы бүйрек ауруы бар 8 мыңнан астам науқас осы емді қабылдайды. Бүйрек алмастыру терапиясындағы науқастар саны жыл сайын 10-12% өседі. Сонымен қатар, диализ сапасы да жыл сайын жақсарып, гемодиализде өмір сүру деңгейі артып келеді, маманның пікіріне сәйкес науқастар бұл емнің көмегімен ондаған жылдар бойы өмір сүре алады. Дегенмен процедураның өзі көп уақытты алады. Диализге балама – ол донорлық бүйрек трансплантациясы. Бірақ елде мәйіт донорлығы бағдарламасы дамымағандықтан трансплантация саны өте төмен.
Сонымен қатар, бүйрекке зиян келтірмеу үшін сүйікті тағамдарыңызды таңдағанда мұқият болу абзал, дейді Шепетов. Дәрігерлер «екінші жүрек» деп атайтын бүйректі сақтау үшін ащы, тұзды, жартылай өңделген және тәтті тағамдарды тұтынуды шектеуіңіз абзал.
Бүйрек ащы және майлы тағамдарды, маринадтарды, темекі мен алкогольдің кез келген түрін ұнатпайды. Өте тұзды және тәтті тағамдар, көп тұздалған, цитрус жемістерін ұнатпайды.
Бұл тас пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Біз науқастарға әрдайым күніне 5 грам тұзды тұтыну қажеттілігін ескертеміз, ал егер аурудың белгілі бір кезеңі болса, фосфоры жоғары тағамдарды, яғни кептірілген жемістерді, газдалған сусындар, консервілерді, маринадтарды, өңделген тағамдар, сонымен қатар ақуызды шектеуді сұраймыз – ол қызыл ет, балық. Ақуыз – бүйрекке жүктеме түсіретін азоттың негізгі көзі», – деп атап өтті маман.
Профессор Абай Шепетов барлық алкогольді сусындардың бүйрекке кері әсері бар сендіреді. Профессор сыраның пайдасы туралы мифті де жоққа шығарды. Кейбір уыт сусындарын ішетіндер сыра жиі зәр шығару арқылы бүйрекке пайдалы деп сенеді. Дәрігерлік тұрғыдан ол өтірік, әсіресе сыра бүйрекке зиянды, дейді сарапшы.
«Ал барлық алкогольді сусындар сүзу және шығару функциясына әсер етеді. Бұл бүйрек патологиясының дамуына немесе өршуіне әкелуі ықтимал. Сыра ішкен кезде зәр шығару жиілеп, сусыздануды тудыруы мүмкін, бұл бүйрекішілік динамиканың бұзылуына және бүйрек қызметінің бұзылуына ықпал етеді», – деп атап өтті С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің нефрология кафедрасының меңгерушісі.
Ал, күніне 1,5-2 литр су ішу бүйрекке пайдалы, мүкжидек шырыны, жеміс сусыны және қарбыз, гүлді қырыққабат, асқабақ, бұршақ және баклажан пайдалы әсер етеді.
Қазіргі уақытта бүкіл әлемде созылмалы бүйрек ауруы бар науқастардың жылдам өсуі тіркелуде. Бұл диагноз 850 миллион адамда немесе әлем халқының шамамен 11% кездеседі. Қазақстанда еліміздің әрбір оныншы тұрғыны созылмалы бүйрек ауруымен ауырады. Ал диализ бен бүйрек трансплантациясын қажет ететін науқастардың өсуін мамандар КАТАСТРОФИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙ деп атайды. Мұндай науқастардың саны он жыл сайын екі есе артады.