Қазақ ұлттық медицина университетінде өңірлік денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті
«Тиімді серіктестік перспективалары» тақырыбындағы онлайн режиміндегі дөңгелек үстелде облыстық және қалалық денсаулық сақтау департаменттері мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің өкілдері еліміздің жетекші медициналық университеттерімен ынтымақтастық перспективаларын, сондай-ақ жоғары оқу орнының студенттері мен резиденттеріне білім беру және жұмысқа орналастыруда туындайтын қиындықтар мәселелерін, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тапсырысы негізінде талапкерлерді қабылдаудың проблемалық мәселелерін және даярлау бағыттары бойынша мамандардың қажеттілігі, аса тапшы медициналық мамандықтар төңірегінде сөз қозғады.
Қазір ҚазҰМУ-да резидентураның 46 білім беру бағдарламасы әзірленген, оның 42 жуығы жүзеге асырылуда. 39 білім беру бағдарламасы аккредиттелген, ағымдағы жылы тағы 8 бағдарлама бастапқы аккредиттеуге дайындалды. Резидент дәрігерлер 36 клиникалық кафедрада даярланады. Болашақ дәрігерлердің негізгі бөлігі Алматы қаласының клиникаларында, тағы бір бөлігі еліміздің басқа өңірлерінде де дайындалуда.
Студенттер мен мамандардың зияткерлік, шығармашылық және іскерлік әлеуетін шоғырландыру, дәрігер мамандығының беделі мен абыройын арттыру, денсаулық сақтау саласындағы кәсіби, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу мақсатында 2009 жылы ҚазҰМУ түлектерінің қауымдастығы құрылды. Қазір оның құрамына еліміздің барлық өңірлерінен мыңдаған түлектер кіреді, олар университет түлектерінің кездесулерін ұйымдастыру және өткізу, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша мамандармен кеңесу, студенттер мен түлектерге қосымша білім беру қызметтерін алуға жәрдемдесу, ұқсас республикалық және халықаралық ұйымдармен байланыс орнату, делегациялар мен жұмыс топтарымен жұмыс тәжірибесі және басқа ақпаратпен алмасу, дарынды студенттерге материалдық және басқа да қолдау көрсету, қауымдастықтың мақсаттарына сәйкес ғылыми, білім беру және ұйымдастыру іс-шараларын өткізуді қаржыландыруды жүзеге асыру, ҚазҰМУ қызметкерлерінің, студенттері мен түлектерінің білім беру, клиникалық, ғылыми және өзге де қызметінің нәтижелерін насихаттау сынды орасан зор жұмыстар атқаруда.
Сонымен қатар, бүгінде университет алдында университеттің жас түлектерінің өзекті мәселелерін шешуге, жас мамандардың маңызды бастамаларын қолдауға бағытталатын қаржы қаражатын жинақтау үшін эндаумент қорын құру сынды тағы бір маңызды міндет тұр.
«Эндаумент қорлары – бұл университеттерді қолдаудың жаңа жүйесі. Бұл бағыт шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарында кең таралған. Эндаумент қоры жоғары оқу орындарына білім ордасының жұмысын жақсартуға, олардың стратегиялық дамуына ықпал етуге мүмкіндік беретін тұрақты қаржы тетігін қалыптастыруға жағдай жасайды. Мұндай қорлардың активтері меценаттардың қайырымдылықтарынан тұрады (эндаумент деп аталады) және жұмсалмайды, бірақ инвестицияланады. Эндаумент қоры бізге дарынды жастарымызды, олардың жобаларын қаржылай қолдауға, студенттеріміз бен профессорларымыздың стартап жобаларын қолдауға, білім беру сапасын жақсартуға, ең батыл және маңызды ғылыми жобалар мен идеяларды жүзеге асыруға, кадрлық, ғылыми, білім беру әлеуетімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл қаржылық жастықтың бір түрі, міндетті түрде толық ашық қаржылық құрылым болады», – деп атап өтті ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Жоғары оқу орнының ректоры бұл дамыған мемлекет стандарттарының басты атрибуты, онда мемлекеттік-жекешелік әріптестікті кеңінен қамту, ал жоғары оқу орындары үшін – әлемдік деңгейдегі озық университеттерге бірігу көрсеткіші екенін атап өтті.
Эндаументтің негізгі бағыттары білім сапасы, ғылым және ғылыми зерттеулер, дарынды жастар, кадрлық әлеует, Университет атын және оның түлектерінің жетістігін насихаттау болып табылады.
Ал негізгі міндеттері:
білім берудің сапасы мен беделін арттыру, түлектердің өзара әрекетінің тиімді тетігін құру;
ҚазҰМУ-дың ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту үшін қуатты материалдық-техникалық платформа құру;
ҚазҰМУ профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын, стартап жобаларын және инвестициялық жобаларды қаржыландыру;
бизнес–қоғамдастықпен тығыз диалог орнату арқылы ҚазҰМУ-дың нысаналы бағдарламаларын қаржылық қолдау (Түлектер қауымдастығының келісімі бойынша).