Қазақ ұлтық медицина университеті Мұхтар Әлиевтің 90 жылдығын атап өтті
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Даңқ залында «Академик Мұхтар Әлиев, ғалым, дәрігер, қайраткер, ұстаз!» атты дөңгелек үстел өткізілді.
Бүгінде Мұхтар Әлиевтің есімімен кеуде, абдоминальды, тамырлы хирургия, трансплантология, эндоскопиялық хирургия және микрохирургия салаларындағы Қазақстандық хирургияның заманауи жетістіктерін байланыстырады. Мұхтар Әлиев Қазақстан хирургтарының үлкен ғылыми мектебінің жетекшісі болды. Оның жетекшілігімен 84 докторлық және 90-нан астам кандидаттық диссертациялар қорғалды. Ол 1000-нан астам ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 64 монография, КСРО өнертабыстарына 166 авторлық куәлік, Қазақстанның патенттері бар.
«ҚазҰМУ студенттерінің жас буыны Мұхтар Әлиевтің қазақстандық медицинаны дамытудағы рөлін зерделеуді жалғастырып, оның үлгі тұтқаны көңіл қуантарлық жағдай. Оның ғылыми және практикалық жетістіктерінің арқасында Қазақстанның заманауи хирургиясы әлемдік медицинаның қатарында лайықты орын алады», – деді ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Дөңгелек үстелге ҚазҰМУ профессор-оқытушылар құрамы және білім алушылардың өкілдері қатысты. Мұхтар Әлиевтің өмір жолы, медициналық және ғылыми жетістіктері туралы баяндамалар ұсынылды.
Мұхтар Әлиев қазіргі заманғы қазақстандық медицинаның көп салаларына жол ашқан тұлға. Медицина саласындағы үлкен жүктемеге қарамастан, ол қоғамдық қызметке және жалпы еліміздің дамуына көп көңіл бөлді. Ол үш шақырылымда Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайланды. Оның бастамасымен «Халық денсаулығын сақтау туралы», «Медициналық сақтандыру туралы», «Санитарлық кодекс» заңдарын әзірлеу жұмысы қолға алынды. Ол Халықаралық медицина ғылымдары академиясының (Бельгия) Орталық Азия елдерінің бірінші филиалын құрды, Қазақстан Республикасы хирургтар қауымдастығының президенті болды, Халықаралық хирургтар қауымдастықтарының жұмысына белсене қатысты, «Қазақстан хирургиясы хабаршысы» журналының редакциясын басқарды.