ҚазҰМУ-да «Бір тамшы нәр…» қайырымдылық шарасы өтті
Ағымдағы айымыздың 15-і күні Университетіміздің «Concordia» театрында сағат 16-30 да стоматология факультетінің студенттік деканаты мен студенттік үкіметі ұйымдастырған «Рухыңды жаңарт! Еліңді сүй! Қайырымды бол!» атты тақырыппен «Бір тамшы нәр» қайырымдылық қозғалысының 5-ші рет кезекті кешін өткізді. Қайырымдылық кешін қолдаушылар қатарында: ҚазҰМУ, Алматы қаласының жастар саясатын дамыту бөлімі, Алматы қаласы стоматология клиникасы, «Садақа» қайырымдылық қоры, HIT.tv арнасы болды. Кеш жүргізушісі Алматы қалалық КВН одағының директоры Құлымбетов Оңдасын.
Кешімізді ашу үшін сөз кезегі Университетіміздің тәрбие ісі, әлеуметтік сұрақтар және халықаралық ынтымақтастығы бойынша проректоры Джумашева Рахима Тәжібаевнаға берілді.
Қайырымдылық кешіміздің кейіпкері Оразбек Көбесұлы және қарындасымыз Аружан Оразбекқызы. Оразбек ағамыз екі бүйрегінен айырылып, қиын жағдайда, ал Аружан қарындасымыз болса, жақында ғана жүрегіне ота жасатылып, тағдыр тауқыметіне ұшырады. Бүгінгі қайырымдылық кешімізді тағдырдың ауыр нығметін тартқан бір отбасына қол ұшын беріп, азда болса қаржылай және рухани түрде көмек көрсету. Біздің, яғни «Бір тамшы нәр» қайырымдылық қозғалысының әрбір қатысушысын осындай қиын жағдайға ұшыраған адамдармен бірге екендігіне және кез-келген уақытта демеу болатынына сендіру.
Кешімізді өзінің әсерлі күйімен кеш қонағы Сұңғат Зайтов ашып берді. Кеш 3 бөлімнен тұрды. 1-ші бөлімінде Анара Батырхан, ST Brothers және BN тобы өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ «Бір тамшы нәр» қайырымдылық қозғалысы жақында ғана Женя бауырымызбен Назерке қарындасымызға материалды түрде көмек көрсеткен еді. Сол күнгі видеоесеп экранда барлық халыққа көрсетілді және балалар үйінің 13 тәрбиеленушілерін концерттік бағдарламаны тамашалуға шақырылды. 2-ші бөлімінде Заман тобы, Индира Елемес, Алихан Байсұлтанов, Мирас Киньяров сынды елімізге белгілі эстрада жұлдыздары сахнаға шықты. Сонымен бірге экранда қоғамдағы ата-ананың рөлі туралы, олардың қадірін түсінуге шақыратындай және де адамгершілік тақырыбындағы дәрігерлер жайлы видеоролик көрсетілді. Кешіміздің қорытынды3-ші бөлімінде белгілі пародист Асқар Көмекбаев, Бақыт Аяповпен Дильфуза дуэті, Алишер Бурханов, Серілер тобы, Меzzo тобы, Данияр Сағындықов, сондай-ақ факультетіміздің өнерлі студенттері 5-ші курс студенті Балқан Ақылбек пен 2-ші курс студенті Анетова Жанельде өз өнерлерін ортаға салды.
Қайырымдылық пен ізгілік, мейірімділік пен адамгершіліктің белгісіне айналған бұл кеште барлық көрермен жақсы, тәрбиелік мәні бар дүниелермен, ой салатын тақырыптардың куәсіне айналып, өздеріне жақсы ой түйіп кетті деп ойлаймыз. 5 жыл ішінде қаншама мұқтаж жандарға арқау болып, қаржылай көмек көрсетілді. Қайырымдылық жұмысымен, ізгі амалдармен айналысу әрбір дәрігердің парызы, міндеті деп білеміз. Бір тамшы нәр қайырымдылық қозғалысының құрылуына септігін тигізіп көмек беріп, әрқашан демеу болған Стоматология факультетінің деканы Амантаев Бақанай Амантайұлына және Университет әкімшілігіне шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Бізге қолдау көрсеткен жанашырларымыз: проректор Рахима Тәжібайқызына, Жастар ісі бойынша бөлім басшысы Лескен Сейдіғалымұлына, Факультет декандарына, профессорлық оқытушылар құрамына, ҚазМемҚызПу проректоры Зәуреш Қуандыққызына, Орталық Азия Университетінің президенті Мысыров Ерзат, НұрМүбарак университетінің президенті Байзақ Мақсат және Университетіміздің Студенттік Үкіметіне алғыс айтамыз.
Биылғы жылғы «Бір тамшы нәр… 5» қайырымдылық шарасынан жиналған қаржының жалпы саны 861 474 теңгені құрады. Соның ішінде залдағы жәшіктен түскен қаражат 85 700 теңге, киви әмияннан 15000 теңге болды.
«Бір тамшы нәр» қайырымдылық қозғалысы алдағы уақытта әлі талай мұқтаж жандарға көмек көрсетпек және де өз жұмысын белсенді жалғастырмақ. Алла қаласа «Бір тамщы нәр» қайырымдылық қорына айналмақ ниетте.