ҚазҰМУ-да Жалпы медицина–2 мектебі мен Халықаралық факультеттің түлектеріне диплом табысталды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Жалпы медицина–2 мектебі мен Халықаралық факультеттің интернатура түлектеріне диплом табысталды. Биыл жеті жылдық оқуын аяқтаған 586 дәрігер-интерн үлкен өмірге жолдама алды. Оның ішінде 549-ы – Қазақстан Республикасының азаматтары, ал 37-сі – Үндістан, Иордания және Пәкістаннан келген шетелдік студенттер. Түлектер қатарында оқу озаттары, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конференциялардың жеңімпаздары бар.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов түлектерді, олардың ата-аналары мен ұстаздарын құттықтап, диплом алу дәрігерлік жолдағы алғашқы маңызды белес екенін айтты.
– Жалпы практика дәрігері бүгінде сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Медицина күн сайын дамып келеді. Сондықтан дәрігер білімін үнемі толықтырып, жаңа технологияларды меңгеріп, кәсіби біліктілігін жетілдіріп отыруы қажет. Бұл ең алдымен пациентке көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру үшін маңызды, – деді университет ректоры.
ҚазҰМУ бүгінде халықаралық деңгейде мойындалған жетекші медициналық жоғары оқу орындарының бірі. Университет QS Asia University Rankings рейтингінде 345-орында, ал QS Stars халықаралық бағалау жүйесінде «5 жұлдыз» мәртебесіне ие.
Салтанатты жиын барысында университет басшылығы жас дәрігерлердің кәсіби қалыптасуына үлес қосқан профессор-оқытушылар құрамына және жеті жыл бойы балаларына қолдау көрсеткен ата-аналарға алғыс айтты. Ректор жас әріптестеріне ақ жол тілеп, алған білімдері мен жинаған тәжірибесі болашақтағы кәсіби жетістіктеріне берік негіз болатынына сенім білдірді.
































































































