ҚазҰМУ-да магистратура түлектеріне диплом табысталды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде магистратура түлектеріне диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті. 2025-2026 оқу жылында отандық ғылым мен денсаулық сақтауды басқару саласын дамытуға үлес қосуға дайын 105 түлек магистр академиялық дәрежесіне ие болды.
Биыл магистратураны тәмамдағандардың қатарында Сүлеймен Демирел университетімен (SDU) бірлескен «Денсаулық сақтаудағы менеджмент» қосдипломды MBA және Executive MBA білім беру бағдарламасының 14 түлегі бар. Сонымен қатар «Денсаулық сақтаудағы бизнес әкімшілендіру» (Executive MBA) бағдарламасын 41 түлек аяқтады. Ал ғылыми-педагогикалық және бейінді бағыттар бойынша магистратура бағдарламаларын 50 түлек сәтті тәмамдады.
Басқарушы кадрлар мен ғалымдарды даярлау — ҚазҰМУ-дың стратегиялық басымдықтарының бірі болып қала береді. Бизнес-әкімшілендіру магистрлері (MBA/EMBA) күрделі экономикалық және ұйымдастырушылық міндеттерді тиімді шешуге, медициналық ұйымдарға заманауи менеджмент әдістерін енгізуге және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Өз кезегінде, ғылыми-педагогикалық бағыт түлектері еліміздің білім беру үдерісі мен зерттеу қызметіне жаңа іргелі білім алып келеді.
Заманауи денсаулық сақтау саласы жоғары икемділікті, көшбасшылық қасиеттерді және терең сараптамалық біліктілікті талап етеді. Қолға тиген магистр дипломы — табысты мансап құрудың, отандық медицина ғылымын дамытудың және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін басқаруды жетілдірудің берік негізі.











































