ҚазҰМУ-да Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты. ҚазҰМУ түлегі Ақмарал Шәріпбайқызының медицина саласындағы еңбек жолы осы оқу орнында бастау алған.
Министр дәрігерлерді, оқытушыларды, ғалымдарды, денсаулық сақтау саласының ардагерлерін, студенттер мен университет қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, марапаттау рәсіміне қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен отандық медицинаны дамытуға қосқан зор үлесі және халық денсаулығын сақтау жолындағы көпжылдық адал еңбегі үшін медицина саласының бірқатар өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
«Барыс» ІІ дәрежелі орденімен медицина ғылымдарының докторы, профессор, А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқармасының төрағасы Баймаханов Болатбек Бимендеұлы марапатталды.
«Парасат» орденімен медицина ғылымдарының докторы, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті фтизиопульмонология кафедрасының профессоры Момынов Талғат Әшірұлы марапатталды.
«Құрмет» орденімен медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті кафедрасының меңгерушісі Тұрысбекова Сәуле Тілеубергенқызы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дәрігері СавхатоваАқмарал Досполқызы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры Күлімбетов Амангелді Сейтмағамбетұлы және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы хирургиялық блогының жетекшісі Хаиров Константин Эдуардович марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалі медицина ғылымдарының докторы, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті балалар жұқпалы аурулары кафедрасының профессоры Ералиева Ләззат Тасболатқызына табысталды.
Сондай-ақ іс-шара барысында «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медальдары, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар және С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің марапаттары табысталды.



























































































































