ҚазҰМУ-да «Әділет» партиясының өкілдері медицина қауымдастығымен кездесті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, саланы цифрландыру және ғылыми кадрлар даярлау мәселелері талқыланды. «Әділет» саяси партиясының өкілдері университет оқытушыларымен, дәрігерлермен, ғалымдармен, резиденттермен және жас мамандармен кездесті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы алдындағы үгіт науқаны аясында ұйымдастырылды.
Жиынды ашқан «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ ректоры Марат Шоранов елдегі сайлау науқаны өтіп жатқан қоғамдық-саяси жағдайға тоқталды. Ол 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, 1 шілдеде күшіне енгенін атап өтті. Жаңа Конституция бір палаталы Парламентке – Құрылтайға көшуді бекітті. Құрылтайдың 145 депутаты бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды сайлау жүйесімен бес жыл мерзімге сайланады.
Марат Шоранов Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленгенін айтты. Партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғаннан кейін, 23 шілде күні сағат 18:00-де сайлау алдындағы үгіт басталды. Ол 22 тамыздағы сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Орталық сайлау комиссиясы тіркеген «Әділет» партиясының тізіміне 186 кандидат енгізілген. Дауыс беру қорытындысы бойынша Құрылтайдағы 145 депутаттық мандат саяси партиялар арасында бөлінеді.
Кездесудің мақсатына тоқталған ректор бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын белгіледі.
– Бүгін сайлау алдындағы үгіт аясында «Әділет» партиясы өкілдерінің медицина қауымдастығымен кездесуі өтіп отыр. Бұл денсаулық сақтау саласының дамуы, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, медициналық білім мен ғылым, саланы цифрландыру және аурулардың алдын алу жүйесін жетілдіру мәселелерін ашық әрі кәсіби талқылауға мүмкіндік береді. Университет үшін медицина мамандарының пікірі естілуі және ескерілуі аса маңызды. Бүгінгі кездесу барысында партияның негізгі ұстанымдары таныстырылып қана қоймай, дәрігерлердің, оқытушылардың, ғалымдардың, резиденттер мен жас мамандардың нақты ұсыныстары да талқыланады деп сенемін, – деді Марат Шоранов.
Кездесуде «Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының жетекшісі, Алматы қаласы мәслихатының VIII шақырылым депутаты, мәслихаттың үш шақырылымында депутат болған және бұрын қалалық мәслихатқа төрағалық еткен Станислав Канкуров сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. Ол ұлт денсаулығын нығайту мен сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру партия үшін басты басымдық екенін айтты. Сондай-ақ Президенттің дәрігерлердің құқықтық қорғалуын күшейту және оларға лайықты еңбек жағдайын жасау жөніндегі ұстанымына тоқталды.
Станислав Канкуров партия ұсынып отырған бастамаларды жан-жақты түсіндірді. Олардың қатарында ауруды емдеуден гөрі оның алдын алуға басымдық беру, жедел жәрдем станцияларының санына қарамастан, ірі қалаларда әрбір 150–200 мың тұрғынға бір медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығын ашу бар. Сонымен қатар 2029 жылға қарай мобильді қосымша арқылы халықты электрондық денсаулық паспортымен қамту көрсеткішін кемінде 90 пайызға жеткізу жоспарланған.
Партия бағдарламасында тоғыз перинаталдық орталықтың құрылысын аяқтау, республикалық клиникалар мен ғылыми орталықтарды кешенді жаңғырту да көзделген. Бұл жұмыстар олардың ғимараттарын жаңарту мен жөндеуді, сондай-ақ заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыруды қамтиды.
– Бүгін денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс сапасына тікелей ықпал ететін мәселелер көтерілді. Олардың қатарында кадрмен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы, медициналық білім мен ғылымды дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігі, аурулардың алдын алу және жаңа технологияларды енгізу бар. Мемлекеттік шешімдер қабылданған кезде күн сайын науқастармен жұмыс істейтін, саланың жетістігі мен түйткілдерін тәжірибе жүзінде білетін медицина мамандарының пікірі ескерілуге тиіс. Бүгін айтылған ұсыныстар жүйеленіп, алдағы жұмыста назарға алынады, – деді Станислав Канкуров.
Сайлауалды бағдарламадағы бастамалар туралы «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ бірінші проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ресей ғылым академиясының шетелдік мүшесі және «Әділет» партиясының Алматы қалалық сайлау штабының мүшесі Диляра Кайдарова да сөз сөйледі.
Ол бағдарламаның басты межесі халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу екенін айтты. Диляра Қайдарова партия ұсыныстарын үш негізгі бағытқа бөліп түсіндірді.
Бірінші бағыт медицина қызметкерлерін жан-жақты қолдауға және олардың құқықтарын қорғауға арналған. Соның ішінде дәрігерлердің науқастарға көбірек уақыт бөлуі үшін артық қағазбастылық пен есептілікті қысқарту ұсынылады.
Екінші бағыт кардиологиялық көмекті дамытуға қатысты. Бағдарламада емханаларда инвазивті емес диагностика орталықтарын ашу, емхана деңгейінде жұмыс істейтін кардиологтарды даярлау, сондай-ақ инфаркт пен жүрекке жасалған операциялардан кейінгі кардиореабилитацияны еліміздің барлық өңірінде қолжетімді ету қарастырылған.
Үшінші бағыт – мемлекет қаржысын тиімді пайдалану.
– Біздің ұстанымымызша, денсаулық сақтау жүйесі ашық әрі әділетті болуы керек. Бюджеттен бөлінген әр теңге халық денсаулығына қызмет етуге тиіс. Қаражат дәрі-дәрмекке, медициналық жабдыққа, мамандар даярлауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға жұмсалуы қажет, – деді Диляра Кайдарова.
Кездесу ашық пікір алмасуға ұласты. Талқылау барысында ҚазҰМУ оқытушылары, ғалымдары, клиника дәрігерлері мен жас мамандары партия өкілдеріне сұрақтарын қойып, денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін ортаға салды. Өңірлерді медицина кадрларымен қамтамасыз етуден бастап университеттік ғылым мен медициналық білімді дамытуға дейінгі бірқатар мәселе талқыланды. Кездесуде айтылған ұсыныстардың барлығы жинақталып, алдағы жұмыста ескеру үшін тіркелді.





























