ҚазҰМУ-да 1 курс студенттеріне арналған «Шығармашылық күні» өтті
2026 жылғы 3 қыркүйекте С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 1 курс білім алушыларына арналған бағыт-бағдар беру апталығы аясында «Шығармашылық күні» ұйымдастырылды.
Таңғы сағат 10:00-де басталған мерекелік күн студенттердің бос уақытын мазмұнды өткізуіне, шығармашылық қабілеттерін танытуына және университеттің қоғамдық-мәдени ортасымен жақынырақ танысуына мүмкіндік берді.
Іс-шара бағдарламасы аясында Ибн Сина алаңында спорттық ойындар, көркемсурет салу және шығармашылық жұмыстар көрмесі өткізілді. Күннің екінші бөлігінде «Concordia» театрында университеттің «Blackswan» студенттік би тобы мен «Sen Music» вокалдық-аспаптық ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Мерекелік шара кинокешпен жалғасын тапты.
«Шығармашылық күні» барысында бірінші курс студенттері университетте жұмыс істейтін студенттік ұйымдар мен клубтардың, сондай-ақ спорттық секциялардың қызметімен танысып, өз қызығушылықтарына сәйкес үйірмелерге жазылуға мүмкіндік алды.
Аталған бастама білім алушылардың университет өміріне белсенді араласуына, жаңа ортаға бейімделуіне және сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыруына оң ықпал етті. Сонымен қатар шығармашылық және мәдени бағыттағы іс-шаралар студенттердің жан-жақты дамуына, рухани-мәдени құндылықтарын қалыптастыруына жол ашады.
Алдағы уақытта мұндай мазмұнды жобалар оқу жылы бойы жалғасын тауып, білім алушылардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға және университеттің мәдени өміріне кеңінен араласуына мүмкіндік береді.

















