ҚазҰМУ-дың 305 түлегі педиатрлар қатарын толықтырды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде диплом табыстаудың кезекті салтанатты рәсімі өтті. Биыл 305 жас маман педиатр мамандығы бойынша диплом алды. Оның ішінде жеті түлек оқуын үздік аяқтады. Бұл түлектер легі педиатрия бағыты қайта жанданғаннан кейін университетте бейінді мамандар даярлау жүйелі әрі үздіксіз жолға қойылғанын көрсетеді.
Еске салсақ, 2007-2017 жылдар аралығында педиатрия факультетіне студент қабылдаудың тоқтатылуына, ал 2013 жылдан кейін бұл бағыт бойынша түлектердің болмауына байланысты еліміздің балалар денсаулығын сақтау саласында кадр тапшылығы қалыптасты. Бұл жағдайды өзгерткен маңызды қадам 2017 жылғы 1 қыркүйекте жасалды. Академик Камал Ормантаевтың бастамасымен ҚазҰМУ-да педиатрия факультетіне қайта қабылдау жүргізіліп, бірнеше жылдан кейін алғашқы түлектер қанат қақты. Бүгінде 88 жылдық тарихы бар Педиатрия мектебі өз әлеуетін толық қалпына келтіріп, білікті мамандарды тұрақты даярлап келеді. Білім беру үдерісіне еліміздің жетекші балалар дәрігерлері тартылған. Олардың қатарында 11 медицина ғылымдарының докторы мен 30 медицина ғылымдарының кандидаты бар, жалпы оқытушылар саны – 90-нан асады.
Жас педиатрларды даярлау бүгінгі демографиялық өсім жағдайында ерекше маңызға ие. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 335 мың бала дүниеге келсе, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында тағы 74,1 мың сәби туған. Соның нәтижесінде ел халқының саны 20,5 миллионнан асты. Осындай жағдайда балалар денсаулығын сақтау саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі.
Түлектерді құттықтаған ҚазҰМУ проректоры Жанна Калматаева педиатрия мектебінің қалыптасқан дәстүрі мен болашақ дәрігерлерге жүктелер жауапкершіліктің ерекше екенін атап өтті.
– Университет басшылығының атынан баршаңызды диплом алуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл өздеріңіз үшін ғана емес, ата-аналарыңыз, жақындарыңыз және сіздерге білім берген ұстаздарыңыз үшін де ерекше қуанышты күн. ҚазҰМУ-дың Педиатрия мектебі – еліміздегі педиатр мамандарын даярлаудың қалыптасқан дәстүрі бар жетекші мектептердің бірі. 2017 жылы қайта жанданған бұл бағыт бүгінде өз әлеуетін толық қалпына келтіріп, білікті балалар дәрігерлерін үздіксіз даярлап келеді. Педиатр мамандығы үлкен жауапкершілік жүктейді. Баланың денсаулығын қорғау, ата-ананың сеніміне ие болу – осы мамандық иесінің басты міндеті. Бұл жолда терең біліммен қатар, мейірім, сабыр, жанашырлық пен кәсібіне адалдық қажет. Бүгін қолдарыңызға алған диплом – кәсіби жолдың бастауы. Алдағы еңбек жолында білімдеріңізді үнемі жетілдіріп, әрбір балаға сапалы медициналық көмек көрсетіп, таңдаған мамандықтарыңыздың абыройын асқақтатасыздар деп сенемін, – деді проректор.
Жақын арада диплом алған 305 жас маман Қазақстанның әр өңіріндегі медициналық ұйымдарға жолданып, балалар дәрігерлеріне деген қажеттілікті азайтуға өз үлестерін қосады.














































































































