ҚазҰМУ Медицина қызметкері күнін атап өтті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде адамға қызмет етуді өмірлік мұраты еткен жандардың кәсіби мерекесі – Медицина қызметкері күніне арналған «Мейірімге толы жандар» атты салтанатты іс-шара өтті.
95 жылдық тарихы бар ҚазҰМУ бүгінде Орталық Азиядағы жетекші медициналық жоғары оқу орны мәртебесін сенімді түрде сақтап келеді. Қазіргі таңда университетте 16 000-нан астам студент білім алуда. 85 білім беру бағдарламасы мен 167 клиникалық база жұмыс істейді. ҚазҰМУ цифрлық медицинаны дамытып, жасанды интеллектті енгізіп, студенттік стартаптарды және халықаралық ынтымақтастықты белсенді қолдап келеді.
Мерекелік бағдарлама мен құрметті қонақтар
Медициналық қауымдастыққа ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарламада белгілі өнер иелері жүрекжарды құттықтауларын жеткізді. Сахна төрінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Ұлықпан Жолдасов пен Фарида Жолдасова, Мирас пен Құралай дуэті, сондай-ақ әншілер Жігер Сатханов, Жанат Рақыметова, Қуат Қонысбеков пен Сұлтан Жігерұлы өнер көрсетті.
Шараға әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің ата-анасы – Қанат пен Света Айтбаевтардың арнайы келуі жиналған қауымның ерекше ықыласына бөленді. Бұл қадам – медицина қызметкерлеріне деген шынайы алғыс пен терең құрметтің жарқын белгісі ретінде қабылданды.
Ведомстволық және университеттік марапаттар
Салтанатты жиында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық марапаттары, сондай-ақ университеттің мерейтойлық төсбелгілері табысталды. Бұл марапаттар – көпжылдық адал еңбектің, медицина саласына қосқан үлестің лайықты бағасы мен алғысының көрінісі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан табысталған марапаттар қатарында:
- «Еңбек ардагері» медалі,
- «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі,
- «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі,
- Құрмет грамоталары.
Сондай-ақ, университет өз қызметкерлерін:
-
«Алтын», «Күміс», «Қола» және «Еңбек ардагері» медальдарымен,
-
Медицина кадрларын даярлау мен педагогика саласындағы үздік жетістіктері үшін берілетін «Алтын ұстаз» медалінің I, II, III дәрежелерімен марапаттады.
Бұл марапаттар — адамға деген жанашырлықпен, кәсіби шеберлікпен және жоғары миссиямен қызмет ететін ақ халатты абзал жандардың еңбегіне берілген шынайы құрметтің белгісі.