ҚазҰМУ мен Гуанчжоу медициналық ғылымдар колледжі ынтымақтастық перспективаларын талқылады
2026 жылғы 13 қазанда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде ҚазҰМУ басшылығы мен қызметкерлерінің Қытай Халық Республикасының Гуанчжоу медициналық ғылымдар колледжі (Guangzhou Health Science College) делегациясымен кездесуі өтті.
Қытай делегациясын колледждің вице-президенті Ян Чун бастап келді. Делегация құрамына сондай-ақ Халықаралық алмасу және ынтымақтастық орталығының директоры Ло Юй, Оңалту және денсаулық мектебінің деканы Юй Цинхуа, Мейіргер ісі мектебі деканының орынбасарлары Сун Вэньцзюань мен Малайзиядағы Халықаралық мәдени коммуникация орталығының (ICCCM) жоба үйлестірушісі Леонг Чжэнь Хуэй кірді.
ҚазҰМУ атынан кездесуге бірінші проректор Диляра Қайдарова, Х. Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканы Жанат Көжекенова, Мейіргер ісі кафедрасының меңгерушісі Динара Маханбетқұлова және Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық департаменті басшысының міндетін атқарушы Меруерт Якупова қатысты.
Тараптар мейіргер ісі, оңалту және медициналық білім беру салаларындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады. Академиялық ұтқырлықты дамытуға, оқытушылар мен студенттердің өзара алмасуына, кәсіби тағылымдамалар ұйымдастыруға және шетелдік студенттерді бірлесіп оқытуға ерекше назар аударылды.
Перспективалық бастамалардың бірі ретінде ҚазҰМУ базасында «Қытай тілі + кәсіби дағдылар» даярлау орталығының шетелдік алаңын ашу мүмкіндігі қарастырылды. Қатысушылар сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, оқу-әдістемелік материалдармен алмасу және тәжірибеге бағдарланған оқытуға бағытталған білім беру ресурстарын жасау мәселелерін талқылады.
Дәстүрлі қытай медицинасының әдістерін қолдана отырып, мейіргер ісі және оңалту саласындағы мамандарды даярлауды жетілдіруге, сондай-ақ қолданбалы зерттеулерді дамытуға және медициналық білім беруді реформалау саласында тәжірибе алмасуға айрықша көңіл бөлінді.
Кездесудің маңызды қорытындысы тараптардың серіктестік қатынастарды одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін бекіткен Ынтымақтастық туралы ниет хатқа қол қою болды.
ҚазҰМУ мен Гуанчжоу медициналық ғылымдар колледжі Қазақстан мен Қытайдың денсаулық сақтау жүйелерінің қажеттіліктерін ескере отырып, нақты бірлескен жобалар мен кадр даярлау тетіктерін әзірлеу бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.




















